RU

Қоғам белсендісі ЭКСПО-ға жұмсалған миллиардтардың желге ұшқанын айтып отыр

Танымал сарапшы, экономист Мұхтар Тайжан ЭКСПО көрмесіне жұмсалған миллиардтардың желге ұшқанын, көрменің халыққа түк пайдасы жоқ бос шығын екенін айтты деп жазады sn.kz.

«Үлкен ғимараттар салынды, өте үлкен. Бірақ олар көрмеден кейін кімге керек болады? Павильондардың ішкі заттарын елдердің бәрі үш айдан кейін өзімен алып кетеді. Сонда бұл ғажап үлкен ғимараттарды қыс бойы кім жылытып тұрады және кімнің есебінен? Менің ойымша, бұл ғимараттарға 2-5 млрд долл кетпеді-ау, әрі кетсе 100 млн доллар. Сонда қалған қаражат қайда кетті? Мұндай бос шығын жасаудың орнына қаншама ауылға ішетін таза су жеткізуге болар еді, интернет, жол, қаншама ауру адамдарға операция жасауға болар еді...», - дейді Тайжан.

Ол сондай-ақ, шетелден Астанаға ЭКСПО көрмесін тамашалау үшін өз еркімен келген туристің жоқ екенін де айтып отыр.

Тағы оұыңыздар: Миллиардтаған қаржыға салынған Астананың ең үздік 7 нысаны (фото)

«Шет елдерден өз еркімен арнайы көрмеге келген қонақтарды көрмедім. Осы күндері 1 млн адам ЭКСПО-ны барып көрді деген мәліметке өз басым сенбеймін. Ал, ауылдан келген халық мәз, ол рас. Бірақ олар бұл көрменің қаражат жағын біле бермейді ғой...», - деп жазды Тайжан өзінің Facebook-парақшасында.

Айта кетейік, Қазақстан билігі ЭКСПО көрмесі аяқталғаннан кейін оның нысандарының бірде-бірі қаңырап бос қалмайды дегенді айтып отыр.

Яғни, бұл кешенде ақпараттық-технологиялық орталық құрылуы тиіс, басқаша сөзбен айтқанда Астана ЭКСПО кешені Азияның «силикон аңғарына» айналады-мыс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1547403-qogham-belsendisi-ekspo-gha-zhumsalghan-m.html