RU

Белгілі журналист: Баян кімді алдап жүр?

Белгілі журналист Бибігүл Дәулетбекқызы Бақытбек Есентаевтың қарындасы Нағима Есентаевамен болған арадағы әңгімені bimedia.kz сайтында ашық жария етіп, Бақытбекке қатысты біраз құпияны ашты.

NUR.KZ порталы журналистің жазбасын сол күйінде назарыңызға ұсынады.

Дәл бүгінгі заманда әйеліңнің әке-шешесін бақпақ түгілі, өз ата-анасын қарттар үйіне апарып жатқандар қаншама? Ал Бақытбек Есентаев болса, Баянның әке-шешесін өз шаңырағында 22 жыл бойы алақанына аялапты. Құрақ ұшып, бәйек болғанында барлығы таң қалады екен.

"Достары: "Ойпырым-ай туған әке-шешені де дәл бұлай бақпайды ғой жұрт", - десе, Баха: "Жігіттер, бұл менің сүйген жарымның ата-анасы. Өзім әкем мен шешемнен ерте айырылдым. Тым болмаса, сүйгенімнің мамасы мен папасына әке-шешеме көрсете алмаған қамқорымды аямайын", - дейді екен күліп.

Не деген көрегендік десеңші?! Нағима алғаш маған Инстаграм желісінде дайректіме шыққанында, қатты жүрегім езіліп кете жаздады. Ол өзінің ішіндегі шерін тарқатты. Біраз сөйлестік. Ол ешкімге сенбейтінін, дәл қазір қаншама бұрқыратып ағасы туралы жазса да, ештеңені дәлелдей алмайтынын, шарасыз күйде екенін алға тартты. Оның алғашқы сұрағы:

- Мен сізге сене аламын ба? Мен:

- Өз еркіңіз, егер сенбесеңіз, айтпай-ақ қойыңыз, - дедім. Нағима:

-Жұртқа сенуден қалдым. Шарасызбын. Жүрегім қарс айырылады қолымнан ештеңе келмейтініне, - деді егіліп. Мен:

-Неге сол кезде жұртқа шындықты шырқыратып айтпадыңыз? - деп едім. Іші өртеніп бара жатқан ол:

- Ағатайым: "Аппақ қана екі періштемнің анасы ғой. Керегі жоқ. Атын былғамайық. Одан қалды екінші семьяның шырқы да бұзылады. Оның әйелі бұл оқиғадан хабарсыз" деп басу айтты. Егер анашым тірі болса, шашын жайып барша жұртқа бар шындықты айтып, жалғыз ұлының темір торға түспеуіне жол бермес еді ме деп те ойлаймын. Анасы болса солай істер ме едім, кім білсін? Әттең, мен қарындасымын. Ағатайымның айтқанын екі ете алмаймын. Оның сөзі - мен үшін заң!

- Бұрын-соңды осылай Бақытбек аға қол көтерді ме? - дегенімде де, ол:

- Жоқ, о не дегеніңіз? Ағатайым мәпелеп отырды оны. Барын ауызына тосты, - дегенде де, менің ішім бүлк ете қалды. Себебі, Баянның бір сұхбатында: "Кикілжіңдер көп болды. Ажырасайық дегенімде, жібермей қойды" дегенін естіген едім. Соны айтқанымда Нағима Есентаева:

-Маған сенбейсіз ғой, білем. Бірақ жақын достары куә. Ешқашан, еш уақытта ағамның отбасында ұрыс болған емес. Баянның бүкіл шаруасын өз мойнына алды. Ешкімнен кем қылмай екі қызды өсірді. Ағажаным отбасын бірінші орынға қоятын. Ұрыс бастап келе жатса, күліп жеңетін.

- М-да...

- Ажырасу туралы бір сөз айтқан емес ол шаңырақта. Мен сол күнгі оқиғаны естігенімде, шалқамнан құлап түсе жаздадым. Кейін 8 жерден пышақталды дегенді оқып, абдырап қалдым. Ағатайыммен 2 ай бойы ешкімді кездестірмеді. Ұрғаны рас. Бірақ 8 жерден пышақталмады. Бәкімен маңдайына бір рет тигізгенін мен жақтамаймын. Больницада да 6 күн жатқанын да басқаша етіп журналистер шығарды.

- Журналистердің еш жазығы жоқ. Оларға сондай ақпарды Баянның жанындағылар берді. Ауруханадағы суретін көргенде, жұртта аяушылық туды, - дедім мен әріптестерімді жақтап.

Себебі, сол кезде мен де Баян жағында болған едім.

- Бір ауыз сөз ажырасамын, мен осындай жанды сүйіп қалдым десе, ағам ақымақ емес. Ол өте намысшыл. Жібере салар еді. Бірақ, бірақ Баян олай жасамады ғой. Еркек адам жүрістік жасаса мейлі, ал, әйел адамның күйеуінің көзіне шөп салуы кез келген ер адамның эгосына тимей ме?

Мен үндемедім. Алғаш Бақытбек Есентаев туралы жазғанымда Баханы танитындар маған шыққан еді. Олар оның мәрт азамат, намысшыл, жігерлі жігіт екенін алға тартқан болатын.

- Соңғы кездері Баханың нервный болып жүргенін байқап қалдым. Жанына барып сұрауға бата алмадым. "Бұған не болды?" деп сұрадым жақын досынан, ол: "Әйелі біреумен кездеседі деп естідім. Бірақ көзі анық жетпей жүр екен" деді. Басымнан біреу суық су құйып жібергендей болды. Артынша казинодағы охраникпен төбелесі шықты. Одан кейін мына сұмдық оқиға бұрқ етті. Е-е, есіл азамат-ай, ақыры шегіңе жеткен екен ғой, дедім іштей" дейді досы.

- Сіз мені тыңдап отырсыз ба? - деді әлгі досы. Мен:

- Кейін хабарласыңыз, - дедім де, тұтқаны қоя салдым.

Енді міне, Баянның жақын құрбысы Мадинаның Инстаграмда пікірі шықты. Тележүргізуші Бақытбек Есентаевтың керемет жан екенін алға тара келіп, оған тар жерден тезірек шығып, сүйгенін кездестіруді шын көңілден тілейді.

Қаншама адамдардан Бақытбек Есентаевтың қандай адам екенін айтқанында мән бермеген едім. Енді сенгендеймін. Жан құрбысы Мадина менің күдігімді сейілткендей болды.

Бақытбек ағаның ашумен істегенін ел енді түсініп келе жатыр. Бірақ, бірақ...

...23 жыл алданып (Баян ешқашан Бақтыбекті сұхбатында сүймегенін айтып, жар салып жүр. Ал, мынау Инстаграмда осыдан екі жыл бұрын жазғаны. Сонда расында да, Баян кімді алдап жүр?)

9 жыл абақтыға кеткен алтын уақытын Баян ханым қайтарып берер ма екен? Ақша, билік, танымалдылық ол уақытша нәрсе. Өмірдегі ең жаманы - уақытыңды құр әшейін жоғалтып, сүйгеніңнен алданып қалғаның емес пе?!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1547670-belgili-zhurnalist-bayan-kimdi-aldap-zhu.html