RU

Қала күні ЭКСПО билеттері тегін болатынына сенген астаналықтар көрмеге кіре алмай, дал болды

Елордалықтар «Астана күніне» орай «ЭКСПО» көрмесіне кіру тегін» болады деген қауесетке сеніп, көрмені тамашалауға келгенімен, оған кіре алмай кері қайтып жатыр. Бұл туралы NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі хабарлайды.

Тағы оқыңыздар: Пицца, суши, қытайлық аяқ киім: Қазіргі қазақтар қалай өмір сүреді?

Кешелі бері бас шаһарда «Астана күні» аталып өтіліп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар ағылып келуде. Биылғы жылы қала күні «ЭКСПО» көрмесімен тұспа-тұс келгендіктен, меймандардың көпшілігі ат басын алдымен «ЭКСПО» қалашығына бұруда.

«Қала күніне орай билеттер бағасы арзандатылады» деген ақпарға сенген олар, билет бағасының өзгермегендігін естіп, кері қайтып жатыр. Айтуларынша, мұндағы баға бұрынғысынша 6 мың теңгені құрап отыр.

«Қала күніне орай зейнеткерлерге билеттер тегін болады дегенді естіп, соған бола келген едік. Бірақ көргендеріңіздей, билеттер тегін сатылып жатқан жоқ. Тек 17 жасқа дейінгі балалар билеті ғана тегін болып тұр. Немеремді жалғыз өзін көрмеге жібере алмайтындықтан, кері қайтып бара жатқан жайым бар», - дейді зейнеткер Бейсенкүл Қожахметова.

Тұрғындар, тіпті, бұл күні «көрмеге кіру тегін» дегенді естіп, сол жеңілдікті пайдаланып қалу мақсатымен келгендерін де айтып қалды.

«Өткен аптада жақындарымнан дәл осы күні билеттер тегін болады дегенді естіп, балаларыммен бірге келген едім. Бірақ тегін таратып жатқан ештеңесі жоқ. Керісінше, билеттер «демалыс күнгі» бағамен, яғни, 6 мың теңгемен сатылып жатыр. Тек кешкі сағат 18:30-да бағасы екі есеге арзандайды дейді. Бірақ ол билетпен бар-жоғы 2-3-ақ сағат қана аралайды екенсің. Ол уақыт аралығында қай павильонды аралап бітесің?», - деп қала тұрғыны Бейсен Қалибек өз уәжін айтты.

Ал, Мұратбек есімді қала тұрғыны «Астана күні» ересектер үшін билет құны бар-жоғы 1000 теңгені құрап, балаларға тегін болады дегенді естіп келгенін айтты.

«Біз көрмеде осындай жеңілдіктер болады деген соң, көрмеге төрт баламызбен бірге келген едік. Бірақ мұндағылар әр баланың туу туралы куәлігін көрсетсін деп жатыр. Балалардың түріне  қарап-ақ, олардың әлі бүлдіршін екенін  білуге болатын шығар? Өзім қала сыртында тұратындықтан, құжаттарды алып келуге көп уақыт кетеді. Қазір тағы да бір мәрте барып, кассадағылармен сөйлесіп көремін. Егер кіргізбесе, амал жоқ, басқа күні келуге тура келеді», - деді шаһар тұрғыны.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1547917-qala-kuni-ekspo-biletteri-tegin-bolat.html