RU

Оралдағы демалыс орнында 17 жастағы бойжеткен суға батып кетті

Оралда демалыс орнында демалып жүрген екі бойжеткен бір мезетте суға бата бастаған, екеуінің бірі ғана аман қалды деп жазады жергілікті "Мой город" басылымына сілтеме жасаған Sputnik Қазақстан.

Туған-туыстар мен достар жиналып "Светлячок" демалыс орны аумағында туған күн тойлап жатады. Екі қыз суға батып бара жатқанда, құтқаруға бірінің әкесі мен демалыс орнының қызметкері ұмтылады.

Алайда әкесі өз қызын ғана құтқарып алады. Құтқара сала, қайта сүңгіген ер адам судың тереңдігі мен жардың кесірінен екінші қызды таба алмайды.

Тағы оқыңыздар: Қазақ-қырғыз шекарасында ұзын-сонар кептеліс пайда болды (фото)

Оқиға орнына келіп жеткен құтқарушылар он жеті жастағы қыздың денесін су түбінен алып шықты.

Қаза тапқан бойжеткеннің туыстары қайғылы оқиғаға демалыс орны басшылығын айыптайды. Олардың мәлімдеуінше, аумақта ешқандай жағдай жасалмаған, оның ішінде жағажайда құтқарушылар жоқ.

Демалыс орнының директоры демалыс орнына үйлердің ғана кіретінін айтып, жағажайдың қоғамдық екенін түсіндірді. Яғни, оны жалға алып, қоршап, өзеннің түбін тазалап, құтқарушылар жалдауға рұқсат берілмеген екен.

Бұған қарамастан бойжеткеннің туыстары айыптыларды сот арқылы жазалауды көздеп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1548183-oraldaghy-demalys-ornynda-boyzhetken-s.html