RU

Астаналықтар қала күнін қалай қарсы алды?

Кешелі бері «Астана күнін» атап өтіп жатқан елордалықтар мен қала қонақтарының санында шек жоқ. Меймандар бас қаланың көрікті жерлерін аралап, Елорданың символына айналған ғимараттармен танысуда. NUR.KZ тілшісі тұрғындардың қала күнін қалай өткізгенін білу мақсатында, шаһардың басты алаңдарының бірінде болып қайтқан еді.

Астаналықтардың сүйікті жеріне айналған «Нұржол» бульварында бүгін қараша халықтың қарасы әдеттегіден әлдеқайда қалың.

Мұнда қала күніне орай түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, оны қала тұрғындарымен бірге республиканың түкпір-түкпірінен келген шаһар қонақтары да тамашалауда.

Айта кетерлігі, биылғы жылы да «Нұржол» бульварында «Аstana Art Fest» фестивалі өткізіліп, шара аясында саябақ алаңында түрлі инсталляциялар бой көтерген.

Тағы оқыңыздар: Қытайлық туристер Астанаға ғашық болып қалды

Мәселен, төбешік тәрізді мына инсталляция толығымен ағаштан жасалған. Тұрғындар оның ішіне кіріп, «ғимарат» ішінде орналасқан теледидарды көріп таң-тамаша болып жатты.

Тағы оқыңыздар: Өз тойына ұшып келмек болған қалыңдық той орнына жетпей мерт болды (фото, видео)

Сондай-ақ, алаңға жиналған жұрт қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан әдемі бұйымдарды тамашалап, оларды жаппай сатып алумен болды.

Бір қызығы, күн ауа алаңға келуші тұрғындардың саны көбейе түсті. Айтуларынша, олар мұнда қала күніне орай ұйымдастырылған отшашуды тамашалау үшін келген.

«Мен Астанаға жиі қатынап тұрамын. Өзім Қызылордаданмын. Бірақ қала күніне бірінші рет келдім. Таңертеңнен бері «ЭКСПО» көрмесін аралаған едік. Кешке алаңда отшашу болады деген соң, осы жаққа келіп қалдық», - дейді қызылордалық Маржан Темірқұл.

Қала күнінің соңы әдемі отшашуға ұласып, қала қонақтары алаңнан ерекше көңіл-күймен тарқасып жатты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1548242-astanalyqtar-qala-kunin-qalay-qarsy.html