RU

Астанадағы "аптап ыстықты" көрген сенегалдық азамат оны Африкамен салыстырды

Астанадағы аптап ыстықты «түкке тұрғысыз» деген сенегалдық азамат елорда туралы өз ойларымен бөлісті деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

ЭКСПО-ны тамашалауға келген сенегалдық Си Ди есімді азамат елордадағы ауа райын Африкамен салыстырды. Оның айтуынша, Астана тұрғындары күн райының қатты ысып кеткенін айтып, наразы болғаны оны таңғалдырған. Себебі мұндағы ыстықты тіпті Африкадағы ыстықпен салыстыруға да келмейді, дейді ол.

Елордаға алғаш рет келген Си Ди Астананың көрікті әрі таза қала екенін, тұрғындарының ерекше қонақжай екеніне тоқталып өтті.

«Мен Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Сіздердің астаналарыңызға келе салысымен қаланың шағын әрі өте әдемі шаһар екенін байқадым. Ал қаланың оң және сол жағалау болып бөлінетінін естігенде тіптен таң қалдым. Десе де, оң және сол жағалау тұрғындарының арасынан ешқандай айырмашылық байқамадым. Керісінше, Астана халқы өте қонақжай екен. Қонақжайлылықтары соншалық, тіпті, африкалық азаматтарды көре салысымен, амандасып, суретке түсуге асық болып тұрады. Жалпы, маған Астана қатты ұнады», - деген шетелдік Астана жайлы өз ойларымен бөлісті.

Тағы оқыңыздар: Қытайлық туристер Астанаға ғашық болып қалды

Елордаға келгелі бері Астанада ыстық ауа райының сақталып тұрғанын айтқан шетелдік мейман, сондай-ақ, «Астананың ыстығы Африкамен салыстырғанда «болмашы» екенін атап өтті.

«Астанада ауа райы «екіге» бөлінетін көрінеді. Бірі қыстағы қатты суық күндер болса, екіншісі жаздағы ыстық күндер. Меніңше сіздердегі «ыстық» біздікімен салыстырғанда түк емес. Сіздер Сенегалдағы, Африкадағы ыстықты көрсеңіздер... Бізде тоғыз ай бойы жаз болады және ондағы ыстықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес... Әсіресе, жаз айларында өте ыстық болады», - деді ол.

Сенегалдық азамат ең алдымен мешітке баруды жөн санап отыр екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1548341-astanadaghy-aptap-ystyqty-korgen-sene.html