RU

Қызылордада ми қайнатар ыстықтан жұмыртқа пісіп, көлік өртеніп жатыр (фото, видео)

Қызылорда облысында аптап ыстықтың беті қайтар емес. Тіпті, күннің ыстығынан жұмыртқа пісіп, көлік өртеніп жатыр, деп хабарлайды Baq.kz.

«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда гидрометеорология орталығының мамандары 5-7 шілде күндері күндіз облыста сынап бағанасы 41-46 градусқа дейін көтерілетінін, 8 шілдеде 44 градус ыстық болатынын мәлімдеді. Ал жергілікті тұрғындар термометр көрсеткіші 50 градустан асып кеткенін айтады.

Тағы оқыңыздар: Астанадағы "аптап ыстықты" көрген сенегалдық азамат оны Африкамен салыстырды

Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктің бірінде кондуктор болып жұмыс істейтін Әйгерім Қамбарованың айтуынша, күннің қызуы қатты болғаны соншалық күндіз автобусқа мінетін жолаушы да азайған.

«6 шілде күні автобустың ішкі температурасы 57-58 градус ыстықты көрсетіп тұрды. Сыртта 60 градус болған шығар. Ал бүгін, 7 шілдеде 48-49 градус болып тұр, одан асқан жоқ. Жас болсақ та әзер шыдап жүрміз. Мұндай күні үлкен кісілерге, науқас адамдарға қиын ғой», – дейді Әйгерім.

Тағы бір тұрғын Гүлмаржан Сағымбаева күндіз душтағы су да қатты ысып кететінін айтты.

Тағы оқыңыздар: Бүгін еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауады

«Мына ми қайнатар ыстықта қайта-қайта суға түсіп, кондиционердің астында жатпасақ болмайды. Бірақ душтағы судың өзі денені күйдіреді ғой, сосын суды жылыту үшін колонкадан салқын су алып, құйып араластырамыз. Топырақ, құмның үстінде жалаңаяқ жүре алмайсың. Темір есіктердің тұтқасын ұстау мүмкін емес, қатты ыстық. Қайбір жылы да осындай ауа райы болып еді», – дейді ол.

Ал қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Зұлқарнай Салмырзаұлының айтуынша, аптап ыстық салдарынан жеңіл автокөліктер жанып кетуде.

«Жуырда облыс орталығында Желтоқсан мен Әбілқайыр көшелерінің қиылысында бір көлік күннің ысып кетуінің әсерінен өртеніп кетті. Адамдарға зардабы тиген жоқ. Қазір мұндай оқиғалар көп болып жатыр», – деді ол.

Аптап ыстықта қызылордалықтар түрлі тәжірибе жасап көруде. Әлия есімді сырбойылық жұмыртқаны ыстық құмның қызуына пісіргенін айтып, видеосын достарына таратыпты.

«Тәжірибемді 6 шілдеде жасаған едім. Жұмыртқаны қызып тұрған құмның астына тастап, шамамен 4 сағаттан кейін ашып қарап едім, пісіпті», – дейді Әлия.

Бүгінде қалыптасқан жағдайға байланысты облыс әкімі тиісті мамандар мен мекемелерге қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1548448-qyzylordada-mi-qaynatar-ystyqtan-zhum.html