RU

Астанадағы дүрбелең: Қала қонақтары үйлеріне қайта алмай, дал болды (фото)

«Астана күнін» сән-салтанатпен атап өткен шаһар тұрғындары мен қала қонақтары кешелі бері вокзал кассаларын торуылдауға мәжбүр болуда. Қала қонақтары қайтарға билет таппай, бірнеше күннен бері сандалып жүр. Бұл туралы NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі хабарлайды.

Қала күнін бірнеше күннен бері атап өтіп жатқан елордалықтар мен қала қонақтары, демалыс ойдағыдай аяқталған соң, енді елге қайтудың қамын күйттеп жүр. Пойызбен жолға шығуды жөн санаған меймандар, неше күннен бері билет таппай жатқандықтарын айтып, билеттердің тек 10-ынан кейін болатынын жайып салды.

«Астанаға жылдағыдай қала күніне бола отбасымызбен келгенбіз. Әлі демалысқа да шыққан жоқпыз. Дүйсенбі күні жұмыс күні болғандықтан, осы 1-2 күнде қалай да билет тауып Семейге жол тарту керек болып тұр. Алдыңғы жылы да дәл осылай «Астана күніне» келіп қайтқан едік. Ол кезде мұндай жағдай болмаған-ды. Бұлай боларын білгенде, қайтарға да билетімді алдын ала алып қоятын едім», - дейді Айнұр Әбілова есімді Семей қаласының тұрғыны.

Вокзалдағылар Семейге билеттің 10-ынан дейін жоқ екенін, тек 11-іне бар-жоғы екі-ақ билет қалғанын алға тартты.

Тұрғындар «Шымкент-Астана» бағытына билетті  алдағы 10 күн аралығында мүлдем таба алмай дал болуда. Бұл бағытқа билеттер тек 17-сінен кейін ғана болды екен.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбеде бірнеше адамды таптап кеткен жантүршігерлік апатқа қатысты жаңа дерек шықты

Бас шаһардан тіпті, 7-сі күніне,  Астана маңындағы Щучинск, Көкшетау сынды қалаларға да билет табылмады. Тұрғындардың айтуынша, Елордаға жақын орналасқан бұл шаһарларға астаналықтар қала күні жаппай демалуға барады екен. Салдарынан, осындай билет тапшылығы орын алып жатады.

«Астанаға 5-і күні кешке, сіңілімнің туған күніне бола, жолдасым екеуміз пойызбен келген едік. Енді міне бүгін Щучинскке қайтарға билет жоқ дейді. Қазір біраз уақыттан кейін тағы да сұрастырып көреміз.

Тағы оқыңыздар: Тағы оқыңыздар:  Баян Есентаеваның кітабын алуға хиджаб киген бойжеткендер кезекке тұрды (фото)

Билет шықпай жатса, амал жоқ, ертең қайтуға тура келеді. Мұның барлығы қалаға шеттен шамадан тыс қонақтардың келуінен деп ойлаймын. Астанадағы кептеліс пен көпшіліктен қашқан қала тұрғындары осылайша, «Астана» күндеріне Бурабайға бас сауғалап кетеді», - дейді Надежда Орлова есімді тұрғын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1548598-qala-kunine-kelgen-astana-qonaqtary-u.html