RU

Ақтөбеде танымал депутаттың көтерілуіне көмектескен кімдер?

Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Бақытжан Ержанов кезінде совхоз директоры болуына "үлкен" адамдардың көмектескенін NUR.KZ порталына жасырмай айтып берді.

Мұқтаж жандарға баспана сыйлап, жиі қайырымдылықпен айналысатын депутат өмірге деген көзқарасымен бөлісті.

"Мінезім ыссы, бетке айтамын. Кейде артық та кетіп қалуым мүмкін. Оны өзім де байқаймын. Бірақ, ешкімге қиянат жасамаймын. Мінезім - бірде бағым, бірде сорым. Осы мінезімнің арқасында кейде бір жерден жеңіп шығамын, кейде зиян табамын. Адамның төбесінде өзіне көрінбейтін ыдыс тұрады. Егер адамға жақсылық жасап, қайырымдылық қылсаң, соның бәрі ыдыстың ішіне құйыла береді. Бар жақсылығың ыдысқа толған кезде, ол ыдыс жақсылығымен бірге өз үстіңе төгіледі", - дейді депутат Бақытжан Ержанов.

"Тәртіп жағынан да, білімнен де "бестік" алатын Шалқардан ешкім озған емес" деп айтып жүретін депутат қолына диплом алғанда совхоз директоры болуды армандаған.

Тағы оқыңыздар: Қазақстандық боксшы қыз ресейлік адвокатқа тұрмысқа шықты (фото)

"Туған жеріміз Шалқар. Бала күнімізде ауылда жағдай қиын болды. Үйде жеті баламыз, ет болмай қалады. Оқу оқып, ауылдағы ет комбинатына директор болуды армандадым. "Ет комбинатын басқарсам, еттен тарықпаймын" деп ойласам керек. Алматыға барып, соның оқуын іздедім. Сол кезде ауылдағыларға тамыр-таныссыз да оқуға түсуге болатынын дәлелдеп бердім. Оқуымды бітіріп келгенімде ет комбинатын менсінбей кеттім. Совхоз директоры, райком болғым келді", - дейді бала күнгі армандарын айтқан Ержанов.

Сонымен, совхоз директоры болуды армандаған Ержановқа қолдау білдірген кім?

"1998 жылдары Шалқардан Ақтөбеге келдім. Қызметте жүрген "үлкен кісі" іздеп келіп, шаруасын тапсырды. Тиянақты аяқтап бердім. Қайтар жолда радиода тәрбиесіз келін туралы әңгіме болып жатты. Ол кісі "Мына әңгімені бұрын бір жерден естіген сияқтымын" деді. Мен сол жерде "сіздің естігеніңіз Мұхтар Шахановтың "Бәкір қарт" деген поэмасы шығар" дедім. Ол кісі енді үлкен қызметтегі адам, қазір де бар.

Маған бұрылып қарап: "Сен поэманы қайдан білесің?" деп таңданды. "Аға, мен бірнеше поэманы жатқа айтамын" дедім. Ол кісі "Поэма дегеннің не екенін білесің бе?" деп жатыр. Бұзақы деп ойласа керек. Мен Мұқағалидың, Шахановтың барлық поэмаларын жатқа білетінімді айттым. "Айтшы ал" деді. 102 жол поэманы жатқа айтып бергенімде ол кісі машинаны тоқтатты.

Мен отырған артқы есікті ашты. Қолымды алып "Айналайын, мен сен туралы ойым басқаша болған екен, қателесіппін. Тағы біреуін айтшы" деді. Не керек бірнеше өлең оқыдым. Ол кісі сол жерде "арнаманың не?" деп сұрады. "Бала кезгі арманым совхозға директор болу еді, орындалмай қалды" дедім. Ол кісі "Айналайын, сен мұныңды қой, мен сені совхозға директор қыламын" деді. Сөйтіп, совхозға директор болып кеттім", - дейді ол күліп.

Басқарған совхозын жеке шаруашылыққа айналдырып алған депутат бүгінде құрылыс компаниясын басқарып отыр. Ол елдегі жағдайға қатысты да пікірін айтты.

"Мен үштілділікке қарсы адамның бірімін. Бала әуелі өз тілін меңгеріп, өз тілінде ойлап, өз тілінде сөйлеп, өз тілінде түс көре білуі керек. Ертеңгі күні елін сүйетін адам сонда шығады. Орысша оқып, бес тілде сөйлеп жүргендер патриот, бауырмал болады дегенге сенбеймін. Ол мүмкін емес жағдай. Адамның адамгерішілігі тілімен қалыптасады. Жапонияда 15 жасқа дейін тек өз тілінде оқытады. Себебі адамның ойлау жүйесі бір тілде қалыптасуы керек. Егер маған ағылшын тілі миллиондаған доллар ақша, басыма пайда әкелсе, екі айда үйреніп аламын. Қажет емес пе, оған басымды ауыртпаймын. Бүкіл қазақ ағылшынша оқып бір жаққа бара ма?", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1548769-aqtobede-tanymal-deputattynh-koteril.html