RU

Қостанайдағы қазақтарды көбейтуді ойлаған әкім шымкенттіктерден көмек сұрады (фото)

Қостанай облысындағы ауылдар қаңырап жатыр. Жергілікті тұрғындар қалаға қарай үдере көшуде. Ал әкім болса, алақандай ауылды сақтап қалу үшін жанталасып жүр деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

«Ауданнан 50-60 шақырымдағы ауылдар бос қалды. Халық қалаға көшіп кеткен. Осы жерді мекендеген орыс ұлтының өкілдері Ресейге қарай көшті. Мектепте балалар азайып, жабылып қалу қаупі туып тұр. Мектеп жабылмау үшін 82 бала керек. Ал бізде 60-ақ бала. Шымкенттен 10 үй шақырып отырмын. Оларда әр үйде кемі бес баладан болады. Маған мектептің жабылып қалмағаны керек. Олар: «Бізге жер берсеңіз болды, келеміз» деп отыр. Оларда газ бар, жылы, қыс деген болмайды. Бізде от жағады. Олар сонда да қорықпайды ей... .Шымкент жақтан мұғалімдер әкеліп, үй беремін. Біздің мұғалімдер зейнетке кетті», - дейді Тәгіл селолық округының әкімі Сағымбай Сүндеталин.

Тағы оқыңыздар: Жанып жатқан автобустан 17 адамды аман алып шыққан азаматтың ерлігі 7 жылдан кейін ескерілді

Қостанай облысы Сарыкөл өңірінің жері құнарлы, егіске қолайлы болғанымен инфрақұрылым жетістіктерінен ада. Әлі күнге дейін от жағып отырған ауылдар көп. Жарық бірде бар, бірде жоқ болса, ауызсу толығымен жеткізілмеген. Әйелімен ғана тұратын ауыл әкімінің өзі қыста тоңбау үшін 85 мың теңгеге отын алатынын жасырған жоқ.

«Бұл жерде газ жоқ. Көмір жағып отырмыз. Қыста мен өзім 10 тонна ағаш, 5 тонна көмір жұмсаймын. Көмірдің тоннасы 7000 теңге, ағаштың тоннасы 5000 теңге», - дейді Сүндеталин.

Ауылда 20 жылға жуық әкім болған басшы биліктен әзір кетпейтінін кесіп айтты.

Тағы оқыңыздар: Ми қайнатар ыстықта қияр сатып қажыған кейуананың суреті желідегілерді жылатты (фото)

«Ауылға әкім болғаныма 19 жыл. Оның алдында 10 жыл мектеп директоры болдым. 22 жыл мектепте педагог болдым. Ертең тамызда қайтадан сайлау болғалы жатыр. Депутаттар ауыл әкімдерін сайлайды. Тағы төрт жылға өзімді ұсынып жатырмын. Зейнетке дейін әлі 6 жыл бар. Не істеймін? Әкімдікте қаламын», - деді өзіне сенімді ауыл әкімі. Айтуынша, ол Қостанай өңірін қазақыландыруға күш салғалы отыр.

«Мен келгенде бұл жақта қазақтар болмаған. Менің алдымда 20 жыл орыс әкім басшы болды.  Келген жылы Моңғолиядан 5 отбасын көшіріп әкелдім. Үй бердім, 23 гектардан жер бердім. Қазақтардың бәрін әкеліп жатырмын. Бұл жақты қазақыландыру керек. Енді Шымкенттен 10 отбасы әкелемін. Өзіміз Қазақстанда тұрамыз ғой?! Бұлай жарамайды! Біздің округте 300 үйдің 70-і ғана қазақ», - дейді ол.

Мыңнан аса тұрғыны бар шағын ауылда 145 шаруа қожалығы бар.

Тағы оқыңыздар: Маңғыстау-Астрахань пойызының жолсерігі шетінеп кеткен сәбиді тірілтіп алды (фото, видео)

«Мен әкім боп келгенде үстімнен неше түрлі арыздар жазды. «Астана, Алматы, Қостанайда пәтері бар екен. Бәрін жеп бітірді, баласы  прокуратурада жасайды» деп соқты. Балам «прокуратурада жасамаймын» деп шығып кетті. Менің қалада пәтерімнің жоқ екеніне ешкім сенбейді.  Жалғыз балама бір бөлмелі пәтерді несиеге алдық. Балам: «Папа, сен мені өспейді деп ойладың ба? Бұрын неге үй алып қоймадың» дейді. Кезінде үй алуға мүмкіндік болып еді, алмаппын ғой. Мәз болып машиналарды ауыстыра беріппін... 15 машина ауыстырған шығармын», - дейді бүгінде үлкен "Джип" мініп жүрген ауыл әкімі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1549227-auyl-akimi-qostanaydy-qazaqylandyru.html