RU

Ақтөбенің мұнайлы өңірінде бала емізетін әйелдердің сүті шықпай жатыр

Ақтөбе облысы Байғанин өңірінде бірнеше мұнай бұрғылау орындары бар. Қарапайым халық қара алтынның қасіретін тартып отыр. Өңірдегі экологиялық зардаптан тұрғындар денсаулықтарына көп шағым айтады деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

Көп нәрсені ашып айта алмайтынын айтқан ауыл дәрігері жағдайдың нашар екенін жасырған жоқ.

«Ыстық күндері айналаға төгілген мұнай қалдықтары ауаны тұншықтырып тастайды. Бізде жүректен, қан қысымының көтерілуіне қатысты шағым айтатындар көп. 2650 тұрғыны бар біздің ауылда 76 адам қан қысымының жоғарылығымен есепте тұр. Ауылда есепке алынбай тұрғандары қаншама?! 11 адам жүрекпен ауырады», - дейді «Ноғайты-Жарлы» селолық округтерінің дәрігері Бектемір Абибуллин.

Мұнай бұрғылау орындары орналасқан Байғанин ауданында халықтың денсаулығы нашарлаған. Бірнеше жыл бұрын ядролық сынақ өткен ауданда мұнайдың қасіреті жығылғанға жұдырық болып тұр.

Тағы оқыңыздар: Назарбаевтың жерде жатқан суреті желідегілердің ашуын туғызды (фото)

«Жап-жас жігіттер жүректен аяқ астынан кетіп жатыр. Олар дәрігерге де қаралмайды, ауырғанда ғана бір келеді. Адамдардың көпшілігі құлағанша жүре береді. Жыл басынан 23 келіншек босанды. Оның ішінде 7-8 келіншек қан аздығымен есепте тұр. Келіншектер балаларын ерте емшектен шығарып жатыр. Сүт шықпайды. Осындай жағдай көбейіп кетті. Себебін білмеймін. Ауамыз да дұрыс емес. Жеп отырған тамағымыздың барлығы химия. 20-40 жас аралығындағы әйелдер баласын ерте емшектен шығарады. Оншақты жыл болып қалды. Адамдардың денсаулығы нашар», - дейді дәрігер.

Екі ауылға бір дәрігер болып отырған Бектемір Абибуллин Байғанин өңіріне экологиялық зерттеулер жүргізу керектігін айтып алаңдады.

Тағы оқыңыздар: Алматының бас театрына ілінген еліміздің жыртық туы жұрттың ашуын келтірді (фото, видео)

«Жоғары жақ он жерден айта берсін, халықта кілкіп отырған жағдай жоқ. «Қазақстан 30 елге жақындап қалды, бәрі күшті» деп айтып жатыр. Олай емес. Билікте отырғандар ауылдағы халықтың тұрмысын көрсін. Жағдай төмендеп кетті. Ауыл тұрғындарының өзі етті аңсап жейді. Несиемен өмір сүреді. Алдында халықтың жағдайын айта бастап едік «тоқта» деді. Қазір ағысқа қарсы жүзсек, батырып жібереді. Ағысқа қарсы жүзуге болмайды. Мен көп нәрсені айта алмаймын, маған түсіністікпен қараңыздар», - дейді ауыл дәрігері Бектемір Абибуллин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1550167-aqtobeninh-munayly-onhirinde-bala-emiz.html