RU

Шымкентте ер адам белдемше киіп, сот ғимараты алдында шу шығарды (фото)

Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облыстық соты ғимаратының алдында бір ер адам әйелдердің белдемшесін киіп алып наразылық танытты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Аты-жөні мен түрін көрсетпеуді сұраған жасы отыз шамасындағы ер адам сот қаулысына наразылық ретінде белдемше киіп шыққанын айтады. Оның айтуынша, Мақтарал аудандық сотының судьясы колледж директорының үстінен түсірген шағымды қарап қаулы шығарған. Қаулыда судъя оны "азаматша" деп жазған. Ал Шардара аудандық соты оның мекен-жайын қате көрсеткен.

"Мекен-жайымды қате көрсеткеннен соң заң талаптарын орындайын деп Шымкент қаласындағы тұрақты мекен-жайымнан Ордабасы ауданы Шұбарсу елдімекеніне "көшуге" мәжбүр болып отырмын", - дейді ол.

Тағы оқыңыздар: Алматының бас театрына ілінген еліміздің жыртық туы жұрттың ашуын келтірді (фото, видео)

"Қазақстанның әрбір азаматы соттың қаулысын орындауға міндетті. Бұл жерге мен Мақтарал ауданы сотының қаулысына сай міндетімді орындау үшін келіп тұрмын. "Азаматша" деген сөз менің ар-намысыма тиіп бітті", - дейді наразылық танытушы адам.

Наразылық танытқан азаматты қабылдаған облыстық соттың судьясы Мұхтар Абайұлының айтуынша, бұл азаматтың екі сұраныс хатына жауап берілген. "Қаулы намысыма тиді десеңіз, шағым түсіріңіз" деді ол наразылық білдірген азаматқа.

"Тәртіп бойынша облыстық соттың төрағасы сізді қабылдағанымен, қазір бұл соттың қаулысын бұза алмайды. Ертең келіңіз, төраға қабылдайды", - деді судья.

Наразылық танытушы адам бұл мәселе бойынша облыстық соттың төрағасы мен жоғарғы соттың төрағасына шағым түсірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1550497-shymkentte-er-adam-beldemshe-kiip-sot-ghi.html