RU

Сағынтаев ақшаның қадірін ұмытып кеткен әкімге ескерту жасады

Медициналық мекемелерді ақпараттық жүйемен қамтамасыз ету мәселесі талқыланған үкімет отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевке ескерту жасады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Жамбыл облысында медициналық ақпараттық жүйемен қамту бойынша ең төменгі көрсеткіш және компьютерлер алу мәселесі де бар", — деді Бақытжан Сағынтаев отырыс барысында.

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев облыстың денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру, сандық технологияларды енгізу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

"Ақпараттандыру және талдау бойынша жұмыс тобы құрылды. Медициналық ақпараттандыру жүйесін енгізу жөнінде екі компаниямен 2017-2018 жылдарға ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылған. Осы мақсатқа бюджеттен биылғы жылы 200 миллион теңге бөлінді. Оның 120 миллион теңгесі игерілді. 2018 жылы 270 миллион теңге бөлу жоспарланған", — деп баяндады облыс басшысы.

Оның айтуынша, медициналық ұйымдарды ақпараттандыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізу бойынша "Жол картасы" бекітіліп, базалық мекемелер анықталған.

Тағы оқыңыздар: Путинге шабуыл жасамақ болған Қазақстан азаматы кешірім сұрады

"Облыстық аурухана және қалалық емхана аталмыш жүйені енгізу бойынша әдістемелік орталықтар ретінде белгіленді. Биылғы жылдың соңына дейін ақпараттандыру жүйесін медициналық ұйымдардың елу пайызына енгізу жоспарланған. Қалғаны келесі жылы қосылатын болады. Денсаулық сақтау ұйымдарына 150 компьютер сатып алуға биыл 350 млн теңге бөлінген", — деді Көкірекбаев.

Компьютер сатып алуға бөлінген қаржы сомасына таң қалған  Үкімет басшысы: "150 компьютерге 350 миллион?", — деп қайта сұрады.

"Жоқ, оның ішінде сервері бар, басқасы бар, содан кейін интернет бар, осылардың бәрін қосқанда", — деді Жамбыл облысының әкімі.

"Солай деп айтыңыз. Әйтпесе, біз қандай алтын компьютер алып жатырсыз деп таң қалып қалдық. Ақшаның қадірін ұмытып кеткен сияқтысыз", — деді Сағынтаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1550831-saghyntaev-akimge-aqshanynh-qadirin-umy.html