RU

Қызмет бабында көз жұмған «СОБР» ісінде полицейлер кінәлі болуы мүмкін

Алматы-Қапшағай экологиялық бекетінде қызметте тұрып, көлік апатынан қаза болған Жандос Нұрғазиевке қатысты шу басылар емес деп хабарлайды NUR.KZ порталы. Жол апатын туғызды деп айыпталып, 2 айға қамауға алынған Рахымжан Есенбаевтың қорғаушысы Бақытжамал Қазыбекова оны босатуын сұрап Алматы қалалық сотына аппеляциялық шағым түсірген.

«Кеше қалалық сотта куәгерден, қылмыскерге айналған Рақымжан Есенбаевты босатсын немесе кепілдік арқылы үй қамаққа алынсын» деген аппеляциялық шағымды қараған судья істі өзгеріссіз қалдырды. 57 жастағы Рахымжан бұрын сотталмаған, еш қайда қашып кетпейді, Қазақстанның азаматы екенін ескеріп, үй қамаққа босату керек еді оны да жасамады. Біз бұл үкіммен келіспейміз. Жоғарғы сотқа шағым түсіреміз», -дейді адвокат Бақытжамал Қазыбекова. 

Тағы оқыңыздар: Түрмеге тоғытылған Бақытбек Есентаев журналистерге сұхбат бермей қойды

Қорғаушының сөзінше қайғылы жол апатына шын себепкер Рақымжан емес, полицейлердің өздері.

«Рахымжан Есенбаевты ҚР қылмыстық кодексінің 345 бабы 3 тармағы бойынша қамауға алған. Яғни, жол ережесін өрескел бұзу арқылы адам өліміне себепкер деп. Негізінде оның түк қатысы жоқ бұл апатқа. Ол полицейдің бұйрығын орындап, тоқтады. СОБР қызметкерін де ол қаққан жоқ. Бұл апатқа басты себепкер полицейлердің өздері. Егер олар көліктерді жаппай тоқтатпаса, осындай жол-көлік оқиғасы болмас еді. Осыны айтып барлық құзырлы органға бас-аяғы 10 дана арыз жаздық. Кеше маған қалалық ішкі істер департаментіндегілер «ішкі қызметтік тексеріс жүріп жатыр» деді. Ал, СОБР қызметкерін қаққан Андрей В.Б. бостандықта. Тергеушілер сараптама қорытындысын күтіп отыр. Соның нәтижесіне қарай шешім шығарамақшы»,- дейді Бақытжамал Қазыбекова.

Тағы бір айта кетері, Рахымжан Есенбаев адам қақпаса да мойнына ілінген қылмыстық іс бойынша 5 жылға сотталып кетуі мүмкін. 

Тағы оқыңыздар: Мәһрге Астанадан үй мен қымбат тон сұраған қазақ қыздары желіні шулатты (фото)

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада Алматы қалалық ІІД-нің полиция қызметкері Алматы-Қапшағай жолында қаза болған еді.

Полиция капитаны Жандос Нұрғазиев экобекетте қызметте тұрғанда 1987 жылғы «МАЗ-642208» көлігінің жүргізушісі Андрей есімді азамат рөлді басқара алмай, СОБР сарбазын қағып, ол оқиға орнында көз жұмған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1551481-qyzmet-babynda-koz-zhumghan-sobr-isin.html