RU

Испанияға саяхаттап барған отандасымыз ауырып, өлім аузында жатыр

Испанияға сау барған Күлпаш Хасенова қазір хәл үстінде жатыр. 60 жастағы әйелдің жағдайы аяқасты нашарлаған деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал өзі бір жамандықты сезсе керек, жол жүрмес бұрын ерікті түрде денсаулығын сақтандырыпты. Тек одан пайда болмай тұр.

"Денсаулығы сыр бере бастағанда сақтандыру компаниясының Испаниядағы серіктестеріне жүгіндік. Олар анамды қарап, жағдайы жақсы екенін айтты. Ал екінші рет шақырғанымызда тіптен келген жоқ", - дейді Күлпаш Хасанованың қызы Әлия Хасанова.

Сондықтан, Күлпаш Хасенованы жекеменшік ауруханаға жеткізуге тура келіпті. Ал дәрігерлер науқастың инфаркт алғанын айтқан. Қазір олар отандасымызды аман алып қалу үшін тиісті ем жасап жатыр. Бірақ сақтандыру компаниясы оның шығынын төлемей қойыпты.

«Interteach компаниясы денсаулыққа қауіп төнген кез-келген жағдайда көмек береміз деп сендірді. Яғни 30 мың еуроға дейін шығынды өтейміз деген болатын. Бірақ бұл бос сөз екен", - дейді Күлпаш Хасанованың қызы Әлия Хасанова.

Тағы оқыңыздар: Таразда жүргізушінің кенеттен денесі құрысып, көлігі жанып кетті (фото, видео)

Сақтандыру компаниясындағылардың да өз айтары бар. Ереже бойынша, сақтандыруға жататын аурулардың арнайы тізімі бар екен. Ал, Испанияда хәл үстінде жатқан әйелдің дерті оған кіре ме, кірмей ме, әзірге белгісіз. Ол жағы қазір анықталып жатыр.

"Сақтандыру жарамды. Әрі біз шығынды өтеуден ресми түрде бас тартқан жоқпыз. Оны төлейміз деп те айта алмаймыз. Қазір бұл мәселе қаралып жатыр. Егер дерті сақтандыруға жататын аурулар тізіміне кірсе, міндетімізді орындаймыз", - дейді «Interteach денсаулық сақтау және медициналық сақтандыру қазақ корпорациясы» АҚ қызметкері Айсұлу Ізтілеуова.

Тіпті, мұндағылар науқастың инфаркт алғаны жалған деп отыр. Әрі кінәні денсаулығының әлсіз екенін біле тұра, шет ел асқан қарияның өзінен көрді. Ал жат жұртта сан соғып қалған науқастың жақындары сақтандыру компаниясының жауапқа тартылуын талап етпек.

Ем-домның шығыны күн өткен сайын артып барады. Қазірдің өзінде Хасанованың жақындары испаниялық клиникаға 38 мың еуро қарыз. Ал науқастың жағдайы жақсарған бойда, ота жасау керек. Ол да біраз қаржыны қажет етеді. Сондықтан сақтандыру компаниясынан пайда болмай, жер сипап қалғандар енді жұрттан көмек сұрауға мәжбүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1551843-ispaniyagha-sayakhattap-barghan-otandasy.html