RU

Мейрамбек Беспаев: Қайраттың кемшілігін өзіне ғана айтамын

Отандық эстрада жұлдызы Мейрамбек Беспаев бүгінде өнердегі інісі Қайрат Нұртаспен ән жазып, бейнебаян түсіріп жатқаны белгілі. Осы орайда әнші "Жұлдыз ТВ" арнасынан сұхбат беріп, өнердегі әріптестерінің кемшін тұсын ел алдында теледидардан емес, бетіне айтқанды жөн санайтынын айтты.

Ол неліктен Қайратпен бірге ән орындағанын түсіндіріп берді.

"Бірнеше әнді тыңдадық, көптеген ән ұсынылды. Соның ішінен Ғазизхан бауырымыздың әні ұнады. Қайратқа да, маған да келеді. Сосын жалпы естелік болып қалсын, деп Қайрат сұраған соң, оның көңілін қалдыра алмадым. Уақыты да келген сияқты болды мен үшін", - дейді Мейрамбек.

Ол өзін Қайратты жерден алып, жерге салып жамандағандардың қатарына қоспайтынын айтты.

"Жо-жоқ. Құдай сақтасын, мен біреуді жамандаудан аулақпын. Көбінесе мен өзіне айтқанды жақсы көремін. Теледидар арқылы, ұрысып, сынап, ақылды болып көріну дұрыс емес деп ойлаймын. Қателері болсын, сын болсын, көзге көрініп қалған нәрселер болса оны өзіне, сыбырлап айтам деген сияқты", - дейді ол.

Тағы оқыңыздар: Қарағандылық азамат "көпірден секіремін деп" елді дүрліктірді (фото)

Сонымен бірге әнші еліміздегі әншілердің шектен тыс көбейіп кетті деп сынайтындарға да өз пікірін айтты.

"Кейде концерт қаптап кетті, әнші қаптап кетті деген сияқты әңгімелер айтылып жатады. Бірақ ол заманның тыныштығына байланысты. Оған қуану керек, қарынның тоқтығына қуану керек. Мұндай заман қазақтың басына ешқашан келген емес.

Осындай концерттерден құдай айырмасын. Әрине елге ештеңе бермейтін әндер де бар. Тәрбиелік мәні жоқ. Бірақ көш жүре түзеледі деп ойлаймын. Меніңше, олардың көрермендері аз, себебі адам баласы түптің түбінде жақсылықты аңсайды", - дейді Мейрамбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1551911-meyrambek-bespaev-qayrattynh-kemshili.html