RU

Сәтпаев қаласының әкімдігінде шенеуніктер мен тілшілер жаға жыртысты (видео)

Сәтпаев қаласының әкімдігінде шенеуніктер мен тілшілер жаға жыртысты. Әкім орынбасары кабинетінің алдында болған төбелес бейнетаспаға түсіп қалған, деп хабарлайды NUR.KZ.

Сәтпаев қаласының әкімдігіндегі кикілжің шілденің 11 күні кешқұрым болған. Қалада түнгі уақытта алкогольді ішімдіктердің ашықтан ашық сатылып жүргенін айтып, жергілікті тілшілер қала әкімінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары Айгүл Төлендинадан шара қолдануын сұраған. Бірақ шендінің бөлмесінен шыққан бетте өзге әкімдік қызметкері журналистердің қолындағы камераны жұлып, ашық тұрған терезеге қарай ұмтылған.

Бейнежазбадан техникасын қайтармақ болған тілшінің әйелмен бірге жерге құлап түскенін анық байқауға болады. Бірақ Берік Жағыпаровтың өзі мемлекеттік қызметкерге «саусағымның ұшын да тигізбедім» дегеннен таймай отыр.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбеліктер жерде жатқан президенттің суретін қоқысқа лақтырып тынды

«Мен оны итерген жоқпын. Видеода бәрін анық көруге болады. Камераны лақтырам деп терезеге қарай жүгірді, терезе ашық болған. Сосын мен жүгіріп барып одан камераны алуға тырыстым. Бірақ бермеді. Камераның үстіне жатып алды», - деп мәлімдеді Берік Жағыпаров.

Ал тілшілердің камерасына таласып, бейнетаспаға түсіп қалған екі қызметкер Сәтпаев әкімдігіне келісімшарт бойынша осыдан бір жыл бұрын жұмысқа орналасқан. Бірі әкім орынбасарының хатшысы болып еңбек етсе, өзгесі әлеуметтік сала бөлімінің қызметкері көрінеді. Айта кету керек, шенеуніктің бірі жүкті болып шыққан екен. Төбелестен кейін ол ауруханаға жатқызылыпты.

«Сонда болған адамдардың бірі оның ішінен ұрды. Дәрігерлер түсік тастауға қауіпі бар деп, бірден ауруханаға жатқызды. Қазір жағдайы тұрақты», - дейді Сәтпаев әкімдігінің баспасөз хатшысы Нұрия Ілиясова.

Сондай-ақ шенеуніктер тілшілердің алдын ала жазылмай, әкім орынбасарының кабинетіне баса көктеп кіргенін айтады. Ал БАҚ-ның өкілдері мен атқамінерлердің төбелесін құзырлы орган өкілдері тексеріп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1552329-satpaev-qalasynynh-akimdiginde-sheneu.html