RU

Шымкентте үлгілі оқушыны көре алмаған құрдастары оны сабап тастады (фото)

Шымкентте үлгілі оқушыны іштей көре алмай, қызғанған құрдастары оны мүгедек ете жаздады деп хабарлайды NUR.KZ порталы. Оқиға 2016 жылдың желтоқсан айында болған.

«Ұлым Бақдәулет Теміров - мектебіндегі ең үлгілі оқушы. Кеш жүргізеді, ән айтады, сабақты да жақсы оқиды. 2016 жылдың 9 желтоқсанында балам сабақтан келіп, кешкі асын ішіп жатса, Әлібек деген №52 мектепте тоғызыншы сыныпта оқитын оқушы телефонына хабарласып, «сыртқа шығып кешті, бір әңгіме бар еді» деп шақырған. Өтініп сұраған соң ұлым көшеге шықса, далада бес бала оны күтіп тұрған. Балам амандасып болғаным сол еді дейді, әлгі бесеудің бірі келіп, бетінен жұдықпен ұрған. Қараса, тері қолғаптың астына темір киіп (кастет) келіпті.

Тағы оқыңыздар: Алматының Әл-Фараби даңғылында қарулы жасақ арнайы операция жүргізді (фото, видео)

Бұзық балалар мұнымен тоқтамай, Бақдәулетті жерге жығып алып, басынан тебе берген. Ол аз болғандай екі бүйрегін де ұрғылаған. Сол төбелесті көршілерім көріпті, олар қылмыстарын жасыру үшін есінен танып қалған ұлымды сүйреп апарып, басқа көшеге тастап кеткен»,- дейді ашынған ана.

Жанар Кенгірбаеваның айтуынша, Бағдәулет қатты соққы салдарынан балалар ауруханасында бір күн жансақтау бөлімінде ес-түзсіз жатқан.

«Балама дәрігерлер бірден үш диагноз қойды. Қатты соққы салдарынан бет сүйегі талқандалып, мұрны сынған. Миы шайқалып, қан ұйыған. Бүйрегі түсіп, ісініп кеткен. Сорақысы сол, қазір ұлымның  бір көзі нашар көретін болып қалды. Жағдайы ауыр болып, бір жарым ай ауруханада жатты. Соны күтемін деп жүріп, жұмыстан айрылдым. Ол аз болғандай Бағдәулет денсаулығына байланысты жарты жыл бойы мектепке де бармады. Себебі, бетіндегі сүйекті қалпына келтіру үшін ота жасады», - деп өксігін баса алмады жалғызбасты келіншек.

Балаңыздың жетістігін қызғандық 

Бақдәулетті соққыға жыққан бұзақыларды да бейбақ ана өзі іздеп тауып, полицияға жетелеп апарған. Тергеушілерге күдіктілер бірден қылмысын мойындапты. Төбелескіш балалардың екеуі №69 мектепте оқиды, ал үш бала Телман ауданындағы №52 білім ордасында тәрбиеленеді екен.

«Бірінші күні-ақ барлығы қылмыстарын мойындады. «Не үшін ұрдыңдар?» десем, Бақдәулеттің мектептегі абыройын, оған деген қыздардың көзқарасын, апайларының мақтау сөздерін Әлібек деген бала қызғанады екен. «Сол жігіт Бағдәулет маған ұнамайды, ұрып беріңдер деген соң, барып ұрдық» дейді әлгі жеткіншектер. Алайда, кешегі Шымкенттегі Ювеналды сотта осы айтылған сөз, баламның денсаулығына келген кінәраттың бірі де ескерілмеді.

Тағы оқыңыздар: Президент бас прокурордың бірінші орынбасарын тағайындады

Істі қараған судья Бақдәулетті мүгедек жасай жаздаған балаларды сот залынан рақымшылыққа іліктіріп, «100 мың теңгеден моральдық шығын төлесін» деген үкім шығарды. Бұзақы бозбалаларға сабақ болуы үшін тым құрымаса бас бостандығын жарты жылға да шектемеді. Бұл не деген әділетсіздік?! Мен мұнымен келіспеймін, баламның бет сүйегін түзеу үшін кемі екі-үш ота жасаймыз деп отыр дәрігерлер.

Оған мен қайдан қаржы табамын?! Бақдәулетті сабаған балалардың ата-анасы болса, кешірім сұрамақ түгіл "100 мың теңге бұл біздің садақамыз саған берген" деп күліп кетіп жатыр сот залынан. Мен әділдік үшін күресемін. Сондықтан қайта шағымданамын", - дейді Жанар Кеңгірбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1552809-shymkentte-ulgili-oqushyny-qyzghanghan-q.html