RU

Теңге тағы да құнсыздануы мүмкін

Ұлттық  валюта бүгін тағы әлсіреді. Қазақстан қор биржасының сауда-саттығына сай 1 АҚШ доллары 328 теңге болды деп хабарлайды Астана арнасы.

Айырбас пункттерінде көк қағаз 329, кей орындарда 330  теңгеге сатылып жатыр. Қазақстан қор биржасы төрағасының орынбасары Андрей Цалюктің сөзінше, халықтың 99 пайызы нарықта тек АҚШ ақшасын пайдаланады.

Соңғы үш айда көк қағаздың нарықтағы сауда айналымының көлемі  9 миллиард доллардан асып түсті. Бұл жыл басындағы көрсеткіштен 34 пайызға артық. Көк қағаз құнының нығаюы аясында төл теңгеміз құнсыздануы мүмкін.

Тағы оқыңыздар: Шымкентте ішіп алып көлік айдаған прокурор ақыры жұмыстан қуылды

Бұған АҚШ экономикасының күшті әлеуеті себеп болып отыр дейді Андрей Цалюк.

"Әлемдік нарықта доллар бағамының өсуіне байланысты, девальвациялық толқынның келу қаупінің көрсеткіші жоғары. Яғни көк қағаз индексі өсіп барады. Себебі түсінікті. Бұл тікелей АҚШ-тың экономикасы мен онда жүргізіліп отырған саясатына, мұнай бағасы жөніндегі ОПЕК елдерінің өзара келісімдеріне байланысты. Доллардың сатылуы мен сатып алыну көлемі тоқсан сайын және жарты жылдықта ақырындап ұлғайып келеді", - дейді «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Андрей Цалюк.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1553068-tenhge-taghy-da-qunsyzdanuy-mumkin.html