RU

Алматы облысында тұрғындар әкімнің басына шелек кигізе жаздады

Алматы облысындағы елдімекеннің аты Қарабұлақ аталғанымен, құдығы да жоқ жұртшылық тамақ пісіріп, кір жуу үшін көрші ауылдарды жағалап жүр. Суды алыстан тасудан әдбен жалыққан халық ақыры әкімді жағадан алды деп хабарлайды КТК арнасы.

Ауыл тұрғындары әкімін көрсе болғаны, амандасудан бұрын «ауыз су қайда?» деп сұрайды. Жеті жылдан бері тіршілік нәріне жарымаған жұртшылықтың ашынғаны сонша, халықпен кездесуге келген шенеуніктің басына шелек кигізе жаздады.     

Тағы оқыңыздар: Шымкентте үлгілі оқушыны қызғанған құрдастары оны мүгедек ете жаздады (фото)

Таза су сұрап тұрғындардың тамақ жыртуы бекер емес екен. Судың тапшылығы салдарынан жұрт дуанаға айналған. Қолдарына шелек, басқа да ыдыстарын ұстап, көрші ауылдағы құдықтарды аралап кетеді екен.

"Бақшада су таза болу керек. Бұлар анау бастаудан алып келіп ішеді. Ол су бола ма? Су болмайды ол. Балалар ауырса ертең не болады?", - деп күйінді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Айтбазар Смаров.

Ал қариялардың көрген күні, тіпті, қиын. Алыстан су тасып ішуге жарамайтындықтан, ауылдағы суы лас жалғыз құбырды місе тұтып жүр. Оның өзіне су кейде келіп, кейде келмейді екен.

"Су келгенде ғана аламыз. Басына күніне бірнеше мәрте барып қарап қайтам, су келді ме, жоқ па деп. Енді осылай бола ма? Әбден қиналдық. Жөні дұрыс құбыр тартып берсе екен", - дейді Вера Лебедева.

Төрт жүз түтіні бар Қарабұлақ ауылында құбыр атаулы тозып, жеті жыл бұрын істен шығып қалған екен. Кеңестен қалған көнені ауыстыруға содан бері ешкім құлық танытпапты. Тек осы жыл басында ғана бюджеттен бақандай 109 миллион теңге берілген екен. Бірақ ауыл атқамінерлері оны әлі күнге дейін ұқсатпапты.

Тағы оқыңыздар: Жамбылдық ұстаз: Басшылықтың былығын ашқаным үшін "жезөкше" атандым

"Биыл бір арықтар бар. Насоспен суғарып жатыр. Бірақ, біз жаңадан арық жүйесін саламыз. Бастаймыз биыл", - дейді Қарабұлақ ауылы әкімінің міндетін атқарушы Еркін Жиендин.

Ауыл әкімі жеті айда дайын болмаған сметаны осы жетіде қатырамын деп сөз беріп құтылды. Бірақ, шелек ұстағандардың ешқайсы да оған сенген жоқ. Өйткені Қарабұлаққа басшы болғандардың бәрі осылай семіз сөйлегенімен, одан су ауылға келмеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1553195-almaty-oblysynda-turghyndar-akimninh-b.html