RU

"ЭКСПО" көрмесін тамашалауға келген меймандар тынығатын орындық таппай дал болды (фото)

Елордада «ЭКСПО» көрмесі басталғалы бері, елдің әр өңірінен келіп жатқан қонақтар саны да арта түсті. Ел тұрғындарының айтуынша, көрме өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанымен, ауқымды шара айналасында кемшіліктер де жоқ емес көрінеді. Бұл туралы NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі хабарлайды.

Астанаға жақындарымен бірге ат басын бұрып, «ЭКСПО» көрмесін тамашалауға келген тұрғындардың бірі – оңтүстік қазақстандық Қойшыбек Қорғанбаев. Жетісайдан көрмеге арнайы келген мейман, көрменің іші-сыртында отырып, тізе жазатын орындықтардың жоқ екенін айтып, аталған олқылықтың орнын толтырған жөн деді.

 

Тағы оқыңыздар: Алматы облысында тұрғындар әкімнің басына шелек кигізе жаздады

"Астанаға бұған дейін де бір рет келген едік. Осы жолы "ЭКСПО»-ға әдейілеп келіп отырмыз. Көрме өзіміздің елде өтіп жатқандықтан, алдымен "Нұр Әлемге" кіруді жөн көрдік. Өте керемет, ішінде сатылып жатқан заттары да тамаша. Көрменің сыртқы құрылысы да әдемі. Сосын Ресей, Өзбекстан павильондарына кіріп шықтық. Ал, қалғандарына аяқтарым ауырған соң кіре алмадым. Жасыратыны жоқ, көп жүрсем аяқтарым талып, буындарымның қақсайтыны бар. Бірақ, бір айтайын дегенім, ішінде отырып, тынығып алатын орындықтар жоқ екен. Мен сияқты буындары ауыратын, жасы егде тартқан адамдарға тізе бүктіріп, демалып алатын орындықтар қажет деп ойлаймын. Осы мәселені ескеріп, тез арада шешіп жатса, тіптен тамаша болатын еді", - дейді жетісайлық тұрғын.

Естеріңізге сала кетейік, "ЭКСПО" көрмесі Астанада биылғы жылдың 10 маусым – 10 қыркүйек арасында өткізілмек.

Тағы оқыңыздар: АҚШ Солтүстік Кореяға тағы да сес көрсетті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1553221-ekspo-kormesin-tamashalaugha-kelgen.html