RU

Димаштан озғым келеді: Витастың әнін шырқаған 12 жасар бала елді таңғалдырды (фото, видео)

Қазақстандық эстрада жұлдыздарын таңқалдырған жас әнші Ақтөбеде тұрады. Ауылда жүріп «Опера 2» әнін шырқап жүрген Мұхамбетәли Қалауов Димашқа қатты еліктейтін болып шықты деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Ол Ақтөбе облысының Байғанин ауданында тұрады. 6-сыныпты бітіріп, 12 жасқа шыққан жас талант отбасының кенжесі. Әкесінен 11 айлығында айрылған Мұхамбетәли анасының тәрбиесінде. Анасы ауруханада еден жуады.

Жас талантқа кәсіби білім беруге отбасында жағдай жоқ. Туыстары танымал адамдар қолдау көрсетсе деген ниетте.

Тағы оқыңыздар: Желіде "Екінші Димаш" атанып кеткен ақтөбелік бала елді сүйсіндірді (видео)

«Біз әкемізден ерте айырылдық. Кіші інім Мұхамбетәли жасқа толмай әкеміз қайтты. Бізді анамыз өсірді. Үйде балалардан бес ағайынды болдық. Бір бауырымыз қайтып, қазір төртеу қалдық. Осы кішкентай інімізден басқа балалардың барлығы аяқтанды. Бәріміз де қолымыздан келгенше баланы өнер ордаларына апаруға дайынбыз. Ауылда өнер мектебі жоқ. Ол танымал ұстаздардан тәрбие алса екен дейміз. Інім 5 классқа дейін домбыра үйірмесіне барды. Кеше Instagram арқылы тарап жатқан сурет лагерьде түсірілген. Ойнап жүргенінде балалар түсіріп алып салған. Ал оны танымал адамдардың бөліскені біз үшін қуаныш болды. Ініміздің талантын жаңа көргендей болдық. Бауырымның тойларға барып ән айтқанын емес, кәсіби сахналарға шыққанын қалаймын»,- дейді әпкесі Әйгерім Өтеумағамбетова.

Қазақстанның танымал әншілері жеке парақшаларында бөліскеннен кейін кішкентай Мұхамбетәли ауылда танымал болып шыға келді. Ауылдастары онымен суретке түсу үшін іздеп келіп жатыр.

«Диапазоның кең болу үшін көп жұмыс жасау керек. Димаштың жанкүйерімін. Барлық әнін жатқа білемін. Үлкейген кезімде Димаштан озғым келеді. Мен туралы NUR.kz –ке шыққанда барлығы маған бата берген. Ешкім сын пікір айтпаған. Мен қатты қуандым. Қазір ауылда бірге суретке түсейік деп келетіндер көп. Танымал әнші болып әлемді мойындатқым келеді»,- дейді Мұхамбетәли Қалауов.

Кішкентай әншіні әпкесі Димаштың ұстазымен кездестіру үшін бүгін қалаға әкелді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1553791-dimashtan-ozghym-keledi-vitastynh-anin-sh.html