RU

Шымкент әкімі қалада сиыр бағатындарға шүйлікті

Тұрғындарға қалада үй жануарларын бағуға тыйым салынатын болды. Бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәлімдеді деп хабарлайды ТВК арнасы.

Қала әкімі көшелердегі көгалдарға төрт түліктерді жаю шаһардың шырайын кетіреді деп санайды. Сондықтан талапқа бағынбаған шаруаларға шара қолданылмақ.

"Үй жануарын асырағандықтан қалада шыбын-шіркей қаптап, ауа тарылады. Халық осыны түсінсе деймін. Әрбір тұрғын осыны білу керек. Мал соятын азаматтар, малдарын шығару керек қаланың сыртына. Басқа азаматтар осындай жағдайға куә болса, бізге жедел ақпарат берсін. Біз қағиданы орындамай жатқан тұрғындарға шара қолданамыз", - дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Тағы оқыңыздар: Дәурен Абаев сәнді киінетін шенеуніктер арасында көш соңында қалып қойды

Әкім жаңа бастамамен халықты құлақтандыру үшін бір ай уақыт берді. Осы аралықта мал бағып, соятын тұрғындар төрт түліктерін қала сыртына шығарып үлгерулері керек. Талапқа мойынсынбағандарға шара көріледі. Бұл іс қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы Данияр Мейірханға тапсырылды.

Сондай-ақ, кімде-кім көшеде мал жайып отырғандарды көрген білгендер болса, тиісті орынға шағымдануға болатынын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1553795-shymkent-akimi-qalada-siyr-baghatyndar.html