RU

Қазақстандықтар елін тастап, көрші мемлекеттерге жаппай көшуде

«Қазақстаннан шетелге тұрақты өмір сүру үшін көшетін халық саны көбейіп барады» дейді мамандар. Әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасы қызметкерлерінің сөзінше қоныс аударушылардың көбі Ресей, Германия және Беларуське кетеді деп хабарлайды Азаттық.

Қазақстан ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік- демографиялық статистика басқармасы мамандарының сөзінше, Солтүстік Қазақстан облысынан өзге елге қоныс аударушы азаматтардың саны Қазақстанға көшіп келушілер санынан көп.

Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік-демографиялық статистика басқармасының сарапшысы Гүлжихан Айгозинаның Азаттыққа айтуынша, «2016 жылы облысқа 743 адам көшіп келсе, кеткендер саны 3276 адам болған». Яғни, көшіп кетушілер төрт есе артық.

Тағы оқыңыздар: Француз жазушысының жұмбақ өлімі оқырмандарын дүр сілкіндірді

"Оның ішінде Петропавл қаласының өзіне 476 адам көшіп келсе, 1798 адам қаладан көшіп кеткен. 2016 жылы адамдардың көбі Ресейге, Германияға және Беларуссияға қоныс аударды", - дейді министрлік өкілі.

Ресей ішкі істер министрлігі сайтындағы дерекке сәйкес, 2016 жылы Қазақстаннан кеткен 37 837 адам Ресей азаматтығын алған. Мамандар «Ресейге көшушілер баяу да болса көбейіп барады» дейді.

Мәселен 2015 жылы Қазақстаннан Ресейге шамамен 32 мың адам кеткен, олардың негізгі бөлігі – этникалық орыстар немесе орыс тілді халық. Қазақстан ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитетінің дерегінше 2014 жылы Ресейге 24 мың адам көшкен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1554336-qazaqstandyqtar-elin-tastap-korshi.html