RU

Астанада терезеден құлаған балалар хал үстінде жатыр

Елордада терезелердің қалыбы өзгеруі мүмкін. Бұл сән үшін емес, қауіпсіздікке қажет. Себебі биік үйлердің терезесінен құлап, мертіккендердің санында есеп жоқ. Астаналық дәрігерлер күнде биіктен құлаған бір сәбидің өмірі үшін арпалысады екен деп хабарлайды КТК арнасы.

 

"Тіпті мүгедек болып қалуы мүмкін. Өйткені оның ауырлығын жол апатымен салыстыруға болады. Тіпті одан көп болмаса, кем емес. Шілдеден бастап ауруханаға 11 бала түсті", - деп дабыл қақты №2 балалар ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі Жарылқасын Бектасов.

Тағы оқыңыздар: Талғат Мұсабаев сенат депутаты болып тағайындалды

Өмірі қыл үстінде қалып, қайта туғандай болған бір сәби - төрт жасар Батырхан. Елордаға Керекуден қыдырып келген бала, күрделі отадан енді ес жинап жатыр. Қазір анасы баласының үйіне өз аяғымен қайтуын тілеп отыр. Бағып отырған адамы қол шаюға кеткен қас-қағым уақытта бала далаға сегізінші қабаттың терезесінен бір-ақ аттапты.

Батыр баланың қос аяғы сынып, жамбас сүйегі шашылған. Ол кем дегенде он ай емделуі керек. Салғырт ата-аналарға амал таппаған дәрігерлер енді терезенің өзін түзеу керек деп әкімдікке қолқа салып отыр.

"Бұрын бұндай жарақат тіпті кездеспейтін. Неге десеңіз, баяғы заманда үлкен терезенің жоғары жағында форточка ғана болатын. Одан балалар құламайтын. Ондай жарақат болмайтын", - дейді Жарылқасын Бектасов.

Алайда терезелерді цехтан қауіпсіз қып шығаруға кәсіпкерлер құлықсыз. Себебі қазіргі қауіпсіздік қондырғылары қып-қызыл табыс. Темір тор көздің ең арзаны 12 мың, ал бекітпе шығыршық бес мың.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1554410-astanada-terezeden-qulaghan-balalar-kh.html