RU

Ақтөбеде ішімдік ішкен әкімдік қызметкері екі адамның өліміне себепкер болды

Ақтөбеде 29 жастағы Мирас Оңалбеков екі адамның өмірін жалмаған жол апатына кінәлі деп танылды. Бес жылға сотталған жігіт сот залынан балдақпен түрмеге әкетілді деп хабарлайды kerek-info.kz.

Қайғылы оқиға биыл 21 наурызда Ақтөбе-Ор тас жолында болған еді. "Лада" автокөлігін тізгіндеген сотталушы жылдамдығын арттырып, қарама-қарсы жолайрығына шығып кеткен. Сөйтіп, Chevrolet Aveo автокөлігімен түйіскен.

Тағы оқыңыздар: Әлемдегі ең кішкентай адамның ауыр тағдыры (фото)

Жол апаты салдарынан "Лада" автокөлігінде отырған екі ер адам сол жерде қайтыс болған. Оның бірі сотталушының жездесі, екіншісі жұмыстасы болған.

Қайтыс болғандардың бірінің төрт баласы, ал екіншісінің екі ұлы жетім қалды. Сот залына жол-көлік оқиғасына кінәлі 29 жастағы жігіт балдақпен келді. Ол Благодар ауылдық округінде техникалық қызметкер болып жұмыс істеген.

Ол өз кінәсін мойындап, қайтыс болғандардың туыс-тарынан кешірім сұрады. Мирас Оңалбековтің айтуынша, оқиға болардан 4-5 сағат бұрын ол ішімдік ішкен. Кейін көліктегілерді Қызылжар ауылына апармақ болады. Жолай жылдамдықты сағатына 90-100 шақырымға дейін арттырған.

Ақыры Украинка ауылынан өтер тұста көктайғақтың салдарынан көлік тізгініне ие бола алмай қалған көрінеді. Соттан ол денсаулық жағдайын ескеріп, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Жол апаты кезінде бес адам жарақат алған еді.

Сот залына зардап шегушілердің бірі Наталья Избасарова да балдақпен келді. Әйелге жасанды буын салу үшін ота жасату қажет. Өз кәсібін бастаған әйел жол апаты оның бар жоспарын бұзғанын айтады. Ол ай сайын несие төлеуге мәжбүр.

Тағы оқыңыздар: Қостанайда 13 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түскен азамат сот алдына келді

Сол оқиғадан кейін ұлының бел омыртқасы да ауырады. Жәбірленуші Оңалбаевтар отбасының тек бір жолғы тасымалдау шығыны, корсет пен дәрі-дәрмектен басқа көмек бермегенін айтады. Зардап шегушілер кінәлі жүргізушіні кешірмеді.

Тек сол оқиға кезінде жолдасынан айырылған сотталушының немере апасы ғана оған еш өкпесі жоқтығын айтты.

№ 2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы Ерлан Бақытжан Мирас Оңалбековті Қылмыстық кодекстің 345 бабының 4 бөлімі бойынша кінәлі деп тапты.

Ол бес жылға сотталды. Бұған қоса сотталушы жеті жылға көлік басқару құқығынан айрылды. Балдақпен бостандықта жүрген жігіт сот залынан қамауға алынды.

Сондай-ақ ол зардап шегушілерге 4 млн теңгеге жуық моралдық өтемақы төлеуі тиіс. Олардың емдеу ақысы да сотталушының мойнында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1555226-aqtobede-ishimdik-ishken-akimdik-qyzme.html