RU

Билік басын ауыртпайды: Ақтөбе облысындағы мұнайлы ауылдың әйелдері бала туудан бас тартуда (фото)

Ақтөбе облысының Байғанин ауданына қарасты Ноғайты ауылының тұрғындары тұрмыстың қиындап кеткенін айтты. Мұнайлы өлкеде тұратын ауыл тұрғындары қара алтынның қасіретін ғана тартып отыр деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі

Қолдарындағы санаулы төрт-түлік айналадағы мұнай қалдықтарын жеп қырылуда. Ауыл газ бен таза суға зәру. Мұнайлы өңірдің жастары үйлерінде жұмыссыз отыр. Ал ауыл жанындағы зауыттарда сырттан келгендер ғана жұмыс істейді.

- Биліктің полигон саламыз деген мәселесі де ауылға қиын соғып тұр. Онсыз да тұншығып отырған елге тағы полигон салса халықтың жағдайы не болады? Біз айналамызға полигон салуға қарсымыз, бірақ, билік қолдап отырған секілді. Ноғайтыда мыңның үстінде адам тұрады. Мұнай шыққанына 20 жылға жуықтады, ауылда газ жоқ. Жұмысқа біздің ауылдан адам алмайды. Шымкент пен Қызылорданың балалары жүр. Біздің балаларымыз Ақтауға қаңғып кетті. Ең болмаса 15 баланы жұмысқа ал деп жалындық. Берген жоқ. Біз мұнайды аяп отырған жоқпыз, ала берсін. Аспанға жіберіп жатқан ілеспе газ халықты улап тұр. Шара қолдану керек, - дейді ауыл тұрғыны Зәлжан Сүйеуов.

Марқұмдардың аманаты - елге газ тарту

- Осы мұнаймен елдің бай тұратын уақыты болды. Халық ешқандай пайдасын көрген жоқ. Ауыл ақсақалдары «газ тартуды қалдырмаңдар» деп өлерінде аманат қылып кетіп жатыр. Жаның жылайды. Аманғали Сарин  есімді ақсақал өлерінде: «Игілігін кейінгі балалар көрсін, газ тартуды сұрауды қалдырмаңдар» деп кетті. Мұнаймен уланып отырса да «қыңқ» демеген сорлы халыққа неге газ тартуды арман қылады?

25 шақырым жерге жол тартып бер деп айтқанымызға 25 жыл болды. Қыстың күні ең болмаса ауыл арасындағы жолды да күреп бермейді. Қазақстанның байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетіп жатыр. Ауыл айналасындағы сай-саланың бәріне мұнай қалдықтарын төгіп толтырды. Түнде демала алмайсың, тынысың тарылып, еңсеңді езіп жібереді. «Жаңатаңның жастары үкіметке қарсы көтеріліп жатыр» деген жағдай да болды. Осыны көріп отырған жастар қашанға дейін шыдайды, - дейді Асхан Отаров есімді тұрғын .

Ауыл келіндері бала туудан бас тартқан

- Ауылда екі адамның бірі мүгедек. Түрлі аурумен есепке алынған адамдар көп. Қазір бізде келіндер бала тууға да қорқып отыр. Менің екі немеремнің де қан қысымы жоғары. Мен біздің Ноғайты ауылынан сау бала туды дегенді естіген жоқпын. Жүрек ауруы, ұйықтап жатып тұрмай қалу деген өте көп. Ауылдың айналасы толған мұнай бұрғылау орындары. Әлі күнге дейін от жағып отырмыз. Ауа лас. Таңда да, кеште де демала алмайсың. Мал ұстау да қиындап кетті. Шөптің құнары кетті. Айналаға мұнай қалдықтарын төгіп тастаған, - дейді ауыл тұрғыны Зәлжан Сүйеуов.

Қыста оқуды тоқтатпау үшін мектеп ұжымы тал шауып кетеді.

- Барлығы газдың қиындығы. Мектепке де ешқандай көмек жоқ. Қыста ауылда көмір бітіп қалды. Айналадан тал шауып мектепті әрең ұстап тұрдық. Қыс кезінде мектеп ұжымы тал шабуға шықты. Ауылда жүзге жетпейтін үй бар. Жағдай осылай жалғаса берсе іргеміз сөгітіле береді, - дейді ауыл мектебінің қызметкері Асхан Отаров.

Мұнай малды да қырып жатыр... 

- Өткен жылы жеті бас сауынды сиырым өлді. Бұзаулары жетім қалды. Өріске мұнайдан шыққан шлам төккен. Мал ащы болғанға оны тұз деп жалайды. Химиялық қоспалар малдың ішін ірітіп жіберген. Оған ешкім өтемақы да берген жоқ. Мал басына 3000 теңгеден төлеп экспертиза да жасаттым. «Улану» деген диагноз қойды. Аудан әкімдерінің өтемақы беріледі деп айтқанына да бір жыл болды. Бізде кісі өлімі де көп. Қан қысымымен жап-жас жігіттер кетіп жатыр, - дейді Оразалы Сақтаған.

Күн көріп отырған санаулы малынан айырылғандар басшылықтан күдер үзгенін айтады.

- Далаға төгілген мұнай қалдықтарын жалап 5-6 малым өлді. Оны тыңдауға биліктің ықыласы болмай тұр. Ауыл әкімін ертіп апарып "Камазбен" төгіп кеткен мұнай қалдығын өзіміз көрсеттік. Ештеңе істей алмайды.  Мұнайды арнайы машинамен тасу керек. Бізде жол да жоқ. Машина толқыған кезде бар мұнай жолға төгіледі. Өрістегі мал соны жалайды. Мал өлді деп шырылдаған сайын әкімдіктегілер жылы жауып тастайды. Ауылға келген әкімдердің бәріне бізге таза су керек деп айтамыз. Құлақ асар ешкім жоқ, - деп мұңын шақты Айрық ауылының тұрғыны.

Билік алаңдаса ауылды бейшара кейпінде ұстамас еді...

- Малмен ғана күнелтіп отырған адамдар үшін бұл қорлық. Қолдарындағы санаулы малы мұнайлы жерден шыққан химияны жалап өліп жатыр. Ол малды өсіру үшін қанша жыл еңбектенді. Оның жүнін ешкімге өткізе алмайды. Жолдың бәрінде жатыр. Малдары өліп, өздерінің миы айналып тентіреп жүр. Қаладан 500 шақырым жерде су жоқ, газ жоқ қаңырап отырған ауыл жағдайына биліктегілер алаңдаса 20 жыл бойы бейшараның кейпінде ұстамас еді. Ауыл тұрғындары үшін қарапайым телефонның өзі зар. Міне, осының бәрі мәселе. Егемендік алғанымызға 25 жылдан асты деп бөркімізді аспанға лақтырамыз. Ауылдық жердегі халықтың тұрмысы осы, -дейді «Эко-Қамқор» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Нұрым Нұрлан.

Ноғайтыда жаңадан салынған вокзалдың есігінде құлып тұр. Ел 40 жыл бұрын салынған құлағалы тұрған вокзалды пайдаланып отыр. Газы, суы, жолы жоқ ауылдықтар бар вокзалдың игілігін көре алмай ашынады.

Байғанин ауданындағы ауылдардың айналасына төгілген шламдар тұзға айналған. Ауыл тұрғындары ол жерлерге енді шөп шықпайтынын айтады. Мұнай қалдықтары төгілген жердің орны ағарып, шөптері қурап кеткен.

Ауылдағы ел Сапарбаевтың: «Мұнайлы өлкені көргенде жылағым келді» деген сөзін нақыл қылып айтып жүр. Халық билікке әлі де үмітпен қарайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1555303-bilik-basyn-auyrtpaydy-aqtobe-oblysy.html