RU

Павлодарда оралмандарды тонайтын алаяқтардың әрекеті елді шошытты

Павлодар өңірінде шетелден көшіп келген азаматтарға «құжаттарыңды бітіріп, үй салып береміз» деп ақша жинайтын алаяқтар тобы бар, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалындағы қоғамдық қабылдауда болған Қытайдан келген қандасымыз Ержан Әлімғазы айтты.

- Мұндай ұйымдасқан алаяқтар тобы үкімет белгілеген жеті облыста құрылыпты. Соның ішінде Павлодар облысы да бар. Олар шетелден көшіп келген ағайындардың орыс тілін түсінбейтінін және өз беттерімен жүріп, қағаз-құжаттарын бітіре алмайтындарын пайдаланып, оңай жолмен ақша табуды көздейді. Нақтырақ айтқанда «арзан бағаға үй тауып береміз», «аз уақытта құжат бітіреміз» және «1 миллион 200 мың теңге көлемінде ақша болса үй салып береміз» деген жалған уәде береді. Сондықтан, алыстан келіп жатқан барлық қандастарыма алаяқтарға алданып қалмауға кеңес беремін. Қандай жағдай болса да, құзырлы органдардан және мемлекеттік мекемелерден көмек сұрау керек. Сонымен қатар, алаяқтыққа заң жүзінде тосқауыл қою керек, - деді Ержан Әлімғазы.

Тағы оқыңыздар: Жол ережесіндегі өзгеріс: Жүргізушілерге салынатын айыппұл мөлшері азайды

Қандасымыздың айтуынша мұндай алаяқтар тобы негізінен Алматы өңірінде көптеп жиналып, бұрыннан бері осындай делдалдықпен айналысып жүрген. Тіпті, Қытайда тұратын туыстарына дейін whatsapp желісі арқылы хабарласып, осыны айтқан.

Бірақ, хабар таратқан адамдардың нақты аты-жөні және қайда қызмет істейтіні белгісіз. Ержанның өтініш-тілегін тыңдаған «Нұр Отан» партиясы мен көші-қон полициясының өкілдері мұндай қылмыстың алдын алып, заң жүзінде тосқауыл қоятынын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1555866-pavlodarda-oralmandardy-tonaytyn-al.html