Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астанада дүниеге келген төртемдер қалай өмір сүріп жатыр? (фото)

Опубликовано:

2016 жылдың 2 желтоқсаны Спановтар отбасы үшін ерекше күн болды. Дәл осы күні, ҰҚҚ әскери қызметкері Асхат Спанов мен оның жұбайы Салтанат көптен күткен сәбилерін - Әлихан, Әрсен, Аделя және Диара есімді төртемдерді бауырына басқан еді.

Содан бері жеті айға жуық уақыт өтіп, сәбилер бүгінде күн санап есейіп, ер жетіп келеді. Осыған орай, NUR.KZ тілшісі сәбилердің анасы Салтанат Спановаға хабарласып, бөбектердің бүгінгі жағдайын біліп қайтқан еді.

- Салтанат, қайырлы күн! Сұхбатымызды бастамастан бұрын, өзіңіздің қал-жағдайыңыз туралы білгіміз келіп отыр...Не дегенмен, қазір Сіз көп балалы анасыз. Төрт сәбиге бірдей көңіл бөліп, оларды бағып-қағу кез келген ана үшін оңайға соқпасы анық. Барлығына бірдей қалай үлгеріп жатырсыз? Шаршап, қамығып жүрген жоқсыз ба?

- Шаршап-шалдықтым деп, қазіргі жағдайыма шүкіршілік етпеу – мен үшін, үлкен күнә болар. Себебі, мен ең алдымен, көп балалы анамын. Кез келген әйел адам үшін, бұдан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын. Маған күш-қуат беріп, демейтін де – осы балапандарым.

- Бөпелердің жағдайы қалай? Жақында ғана, бір сұхбатыңызда әр баланың өз мінезі қалыптасуда деп айтқан едіңіз... Жалпы, балалар кімге тартқан? Мінездері бір-біріне ұқсайды ма?

- Балалар дүниеге келе салысымен, ана ретінде, әр баланың бір-біріне ұқсамайтын өз мінезі, өз болмысы бар екенін байқадым. Мысалы, Әлихан ашық, көпшіл, әрдайым күлімсіреп жатады. Ал, Аделіміз нәзік, әрі сабырлы, сыпайы қыз болайын деп тұр. Диараға келер болсам, оның бойынан көшбасшылық қасиетті байқап қаламын, айлакерлігі де жоқ емес. Ал, Әрсен ұстамды болғанымен, әр нәрсені қолымен ұстап, білуге жақын тұрады.

- Білуімізше, балаларды бағуға бала күтуші әйел адам мен әжелеріңіз көмектеседі екен. Десе де, барлық салмақ өзіңізге артылатыны анық. Осы орайда, үй шаруасы мен балалар күтіміне қалай үлгеріп жүрсіз?

- Әрине, барлығына бірдей үлгеремін деп айта алмаймын. Кейде кішкентайлардан қолым босамай, үлгермей жататын да кездерім болады. Көбінесе, барлық шаруаларымды балалар ұйықтап жатқанда тындыруға тырысамын.

- Біздің білуімізше, сіздерде күні бүгінге дейін баспана мәселесі шешілмеген, яғни пәтер жалдап тұрып жатырсыздар. Жергілікті билік өкілдері бұл турасында не айтқан еді?

- Иә, жергілікті әкімдік өкілдері баспана мәселесін шешіп береміз деп уәде берген еді. Бірақ, біз әлі күнге дейін пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Осы уақыт аралығында көптеген нәрселер өзгерді. Қазір жолдасым әскери емес, мемлекеттік қызметкер. Жергілікті билік өкілдері баспанамен қамтамасыз етеміз деп уәде бергендіктен, пәтер кезегіне де тұрмадық. Сондай-ақ, көп балалы отбасына берілетін жәрдемақыға да өтінім бермедік. Себебі, ондай жәрдемақы алу үшін, барлық отбасы мүшелеріне бір мекенжай бойынша тұрақты тіркелім керек. Ал  ондай тіркелім бізде жоқ. Бірақ ол да уақыт еншісіндегі мәселе деп ойлаймын. Әрине, көп балалы отбасына пәтер жалдап тұру, бала күтуші әйелдің жалақысын төлеу оңайға тимейтіні анық, бірақ қалай да күн көруге тура келеді. Мемлекет бізді назардан тыс қалдырмайды деген ойдамын, әкімдіктегілер уәде берді, демек баспана мәселесін қалай да шешіп береді деген сенімдемін.

- Көп жағдайда, ер адамдар қыздарына жақын келеді деп жатады. Ал, сіздің жолдасыңыз қай баласын бәрінен ерекше жақсы көреді?

- Мүмкін қыздарын жанына жақын тартатын шығар...

 -Жалпы, жолдасыңыз сізге балалар күтімі мен үй шаруасына көмектесе ме?

- Жолдасым маған барлық жағынан жәрдемдеседі. Адами тұрғыдан да, үй шаруасына да. Ол – менің тірегім, қорғаным! Алладан оның амандығын, денсаулығының мықты болуын тілеймін. Ал кімді ерекше жақсы көретініне келер болсам, мені деп айтатын едім. Әрине, қалжың ғой. Ол барлық балаларын бірдей жақсы көреді. Десе де, Адельді ерекше еркелетінін байқадым.

- Ал, жүктілік кезеңі қалай өтті? Қай тағамға жерік болдыңыз? Негізі, УЗИ-де төртем болатынын білген бе едіңіз? Жолдасыңыз мұндай күтпеген жаңалықты қалай қабылдады?

- Жүктілік жайлы өтті деп айтсам болады. Алғашқы уақытта токсикоз да болды, бірақ ол кезең көп уақытқа созылмады. Жолдасым төртем болады дегенді естігенде, қатты қуанды, бірақ қобалжу да басым болды. Себебі, дәрігерлер екі баланы алдыртып тастау туралы айтқан еді. Бірақ, мен оған түбегейлі қарсы болдым. Бәрінен бұрын, жолдасым мен үшін, балалары үшін қатты қорықты. Ал, қай тағамға жерік болдыңыз дегенге келер болсам, нағызқазақ болғандықтан, бешбармақтың сорпасына жерік болдым деп айта аламын. Сондай-ақ, анда-санда қышқыл шоколад пен жеміс-жидектерге, жаңғақтар мен балық етіне аңсарым ауып тұрды.

- Төртемдерге есімдерді кім таңдады?

- Сәбилердің есімдерін екі жақтың әжелері мен өзіміз таңдадық.

- Босанғаннан кейін, көптеген әйелдер, күйзеліске  ұшырап жатады. Сізде күйзеліс болды ма?

- Күйзелісті басымнан өткердім деп айта алмаймын. Себебі, оны басымнан өткеретіндей уақыт та болған жоқ. Ауруханада баланы емізу мен процедура арасында менде бар-жоғы жарты сағаттық бос уақыт қана болатын. Сол уақыт аралығында мен ұйықтап немесе тамақтанып үлгеруім керек еді. Яғни, күйзеліске түсетін уақыт болған жоқ десем артық айтпаспын.

- Болашақта төртемдердің іні-сіңлілерін болғанын қалайсыз ба?

- Ол жеке бастың мәселесі болған соң, бұл сұраққа жауап бере алмаймын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1555918-astanada-duniege-kelgen-tortemder-qa/

pixel