RU

Түркістан тұрғыны қытайлықтар өңірде зауыт салып жатқанын айтып, дабыл қақты

Түркістан қаласының Әбдімүтәліп есімді тұрғыны "Замана" басылымына хабарласып, өңірде қытайлықтар зауыт салып жатқанын айтып, дабыл қақты.

«Біздің жақта қытайлар зауыт салып жатыр. Онда келешекте түйе сүті өңделіп, одан көптеген өнімдер алынады екен. Естуімізше, қытайлар оған 7 миллиард 876 миллион теңге инвестиция салған көрінеді. Зауыт көп ұзамай-ақ іске қосылады деседі. Осыған орай кейбір түйесі барлар қуанып та жүр. Яғни олар зауытқа шұбат өткізе алатын болады. Бұдан бөлек, басшылар зауыт қыруар адамды жұмыспен қамтитын болды деп те гулетіп жатыр.

Тағы оқыңыздар: Алматыда Гелендвагенге жүкті екенін жазып кеткен тұрғын анықталды (видео)

Жалпы, бұл бір жағынан дұрыс та шығар? Зауыт салынып, шаруаларға сүт өткізетін жер, жұмыссыздарға жұмыс табылып қарық та болармыз. Бірақ мені басқа мәселе мазалайды.

Біреулер инвестиция салып жатыр, жұмыс орнын ашады деп ақырында оларды басымызға шығарып алмас па екенбіз деп уайымдаймын.

Қарап отырсақ, біздің қолымыздан түк те келмейтін сияқты. Зауыт салу немесе бұрыннан жұмыс істеп тұрған зауытты жаңартып-жаңғырту ойымызға келе ме екен, осы? Кеңестік кезеңде бүкіл КСРО-ға аты шыққан зауыттарымыздың барлығын дерлік күйретіп, талан-таражға салдық.

Әупірімдеп жұмыс істеп тұрғандарын заман талабына сай жаңартайық десек, ол қолымыздан келмейді. Мысалы, Шымкент мұнай өңдеу зауыты солай болған жоқ па? Оны қытайлар жаңартып­ берді, енді заманауи бензин маркаларын шығаратын болдық деп қуанып жүрміз. Соны жасап берген қытайлықтарға тіпті ризамыз. Өзіміздің қолымыздан келмегеніне намыстанбаймыз да.

Тағы оқыңыздар: Мәдина Сәдуақасованың ашық киімдегі образдары қандай?

Бір жерде зауыт салу немесе ескісін жаңартып-жаңғырту керек болса, қытайлар келіп сап ете қалады. Неге бұлай?

Мысалы, осы түйе сүтінен түрлі дәрілік өнімдер алуға болатынын біздің ғалымдар еліміз тәуелсіздік алғалы бері айтып жүрген жоқ па еді? Солар қайда қазір? Естуімізше, зерттеу нәтижелерін, жобаларын жоғарыдағыларға айтып-айтып шаршаған сияқты.

Өйткені олардың жобасын іске асыру үшін ақша керек, ал үкіметіміз ондай ақшаны бөлмейді. Есесіне басқа түрлі бағдарламаларға қыруар ақша бөледі, алайда олардан ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже шығып жатқаны да шамалы.

Қысқасы, өз қолымыздағыны ұқсата алмай, осылай ыбылжып жүргенімізде қытайлар келді де, жұмысын бастап кетті. Сүтіміз өтеді, жұмыс орны ашылады деп жар салып жүрміз, ары қарай не болатынын ойланбаймыз. Біз неге осындаймыз? Басшылар неге ел болашағын ойламайды?

Неге біз өз жерімізде өзіміз зауыт аша алмаймыз, неге оның игілігін өзіміз көре алмаймыз? Қытайлар болмаса таңымыз атпай қала ма осы?», - деп күйінді тұрғын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1557130-turkistan-turghyny-qytaylyqtar-onhird.html