RU

Дос Көшім: Талғат Мұсабаевтың нақты бір қызметтің басын қайырып, жұмыс істегенін көрген жоқпын

Биыл 16 сенат депутатының өкілетті мерзімі аяқталып, оның 12-сі парламентпен қоштасты. Олардың орнын басқан су жаңа депутаттар нендей өзгерістер әкелмек? Белгілі саясаткер Дос Көшім парламенттегі соңғы жаңалықтар туралы өз пікірімен бөлісті деп хабарлайды NUR.KZ.

Дос Көшім сенатқа жаңадан тағайындалғандардың ішінен бұрыннан халық көзіне түсіп жүрген Талғат Мұсабаев пен Бақытжан Жұмағұловты ерекше атап өтті.

"Жаңадан тағайындалған сенаторлардың ішінде Бақытжан Жұмағұлов, Талғат Мұсабаев сынды тұлғалар бар. Бақытжан Жұмағұлов экс-министр ретінде белгілі, халықтың көзіне түсіп жүрген азамат болатын.  Ол білім-ғылымға байланысты белгілі бір бастамалар көтеруі әбден мүмкін.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбедегі мұнайлы ауылдың аянышты жағдайына қатысты Сапарбаев пікір білдірді

Ал, Талғат Мұсабаевтың халықтың алдында ыңғайсыз жағдайларға қалып жүргенін білеміз. Әсіресе, оның журналистермен әңгімелесуі, бұқаралық ақпарат құралдарының алдында өзін-өзі ұстауы жиі сынға ұшырап жүр. Ұмытпасам, мемлекеттік қызметкерлердің этикасы бар... Одан бөлек, жалпы адами мәдениет те болуы керек. "Ұлық болсаң, кішік бол", - дейді халық даналығы. Адам лауазымы өскен сайын, кішіпейіл болу, адамдарды жақын тартып сөйлесу, өзін мәденитетті ұстау деген секілді нәрселерді есте ұстағаны жөн.

Осы уақытқа дейін Талғат Мұсабаевтың нақты бір қызметтің басын қайырып, жұмыс істегенін, сол қызметінде көпшіліктің көңілінен шыққанын өз басым көрген жоқпын. Ол "Қазғарышты" басқарған кезінде де, президент кеңесшісі болғанда да айтарлықтай жұмыс тындырып, халықтың есінде қалмады. Бәлкім ол - жақсы ұшқыш, нағыз маман шығар. Алайда, ғарыш маманынан жақсы саясаткер (Сенат – саясаткердің орны) шыға бермейді" - дейді Дос Көшім.

Саясаткер бұл келген сенаторлардың парламентке жаңа бір леп алып келеді дегеніне сенбейді. Сондай-ақ ол халық алдында парламент беделінің түсіп кеткенін алға тартады.

"Сенат бүгінде биліктегі жоғары қызметтен кеткен, немесе жаңа қызмет күтіп жүргендерді отырғызатын орынға айнала бастады. Ол бұрын да бар-тұғын. Ол жерге келгендер бір-екі жыл отырып, жаңа лауазымның, жаңа министрліктің ашылуын күтіп отыратын сияқты. Сондықтан, бұл жағдай сенаттың беделін халықтың алдында нығайтады немесе саяси орган есебіндегі беделін жоғарылатады деп айта алмаймын", - дейді саясаткер.

Дос Көшім сенатты пойызды күткен жолаушылар отыратын вокзалға теңеді.

"Бұл парламенттің Қазақстандағы рөлінің төмен екенін көрсетеді. Неге сол жерлерге  өзінің ойын мәдениетті түрде жеткізе білетін, жан-жақты сараптай алатын, белгілі бір бастама көтере алатын Айдос Сарым, Расул Жұмалы сияқты мемлекетшіл азаматтарды отырғызбасқа?! Меніңше, сенатқа сайлайтын, тағайындайтын уақыттарда қоғамдық бастама көтеретін, сол жерде өзінің сындарлы пікірімен көзге түсіп жүрген тұлғаларды еш қорықпай тарту керек. Парламент сол арқылы жандана бастайды. Басқа депутаттар соған қарап, бастама көтеріп, заң жобаларын дайындауға кірісе ме деген ойым бар. Өкінішке қарай, біздегі заң жобаларының бәрін тек үкіметтің өзі дайындайды. Парламент мүшелері тек соны қарап шығушы, қол көтеруші рөлін атқарып отыр", - дейді саясаткер.

Тағы оқыңыздар: Атышулы бизнесменді сотқа беріп жатқан Төлешовтің ең танымал тоқалы жайлы не білеміз? (фото)

Сондай-ақ, Дос Көшім халықтың неліктен депутаттарға тікелей талап қоюы бәсеңдегенін түсіндіріп берді. Қоғам қайраткерінің ойынша, елімізде бір мандатты округті аралас сайлау жүйесін қайта енгізу қажет.

"Қазіргі кезде мәжіліс депутаттары партияның атынан сайланғандықтан олардың қай жерден екені белгісіз. Олар белгілі бір қала, облыстан емес, бір партияның атынан түсетіндіктен, бұрынғыдай халықпен кездесіп, сайлаушыларынан өтініш алу, белгілі бір бастама көтеру жағы бәсеңдеген. Олар да халықпен кездесіп жүр, бірақ олардыкі - өзін сайлаған, соның жұмысын бақылап отырған электоратпен кездесу емес, жалпыхалықтық кездесу болып қала береді. Сондықтан депутаттарға нақты бір талап жоқ. "Мынау менің сайлаушым, менен талап етіп отыр. Ертең мені сайламай қояды" деген сөз келмеске кетті. Менің ойымша бір мандатты округтен депутат сайлау немесе  аралас (пропорциялы және мажоритарлы) сайлау жүйесін қайта енгізу қажет", - дейді Дос Көшім.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1557569-dos-koshim-talghat-musabaevtynh-naqty-bi.html