RU

Алматыда қызының еміне деп халықтан ақша жинатқан жеңгесін қайын інісі сотқа берді

Алматыда қызының еміне деп халықтан ақша жинатқан жеңгесін қайын інісі сотқа берді. Хал үстіндегі қарындасына донор болған Бақтияр Жылқыбаевтың айтуынша, бүйректі ол тегін берген деп хабарлайды КТК арнасы.

Бақтияр Жылқыбаев ағасының қызына бүйрегін бөліп берген. Алайда, бауырынан барын аямаған жігіт ауруханадан шыға сала шалқасынан түскен. Өйткен, жеңгесі донордың ақысына деп ел-жұрттан бақандай 12 миллион теңге жинатып алыпты.

Тағы оқыңыздар: Атырауда үкімге қарсы болған қылмыскер сот залында күре тамырын кесіп жіберді

"Жеңгеммен де, ағаммен де қалай операция өтті қатынасымыз жоқ, араласпаймыз да. Сотқа берген себебім, әділдік шешілсін деп бердім. Біріншіден менен жасырған. Ақшаны есептеп, қайырымды жандар тобына қайтарса, себебі елімізде ауырып жатқан, еміне қаржы керек бүлдіршіндер көп. Сол адамдарға берілсе, бір адамның өмірін болса да құтқарып қалар еді", - дейді Жәнел Жайлауованың ағасы Бақтияр Жылқыбаев.

Отаның тегін өткенін айтқан жігіт жеңгесін сотқа берді. Айтуынша, Ақмарал Жақсылықова «қызымың еміне» деп 12 миллион теңгені қайырымды жандардан негізсіз жинап алған. Енді сол ақша өзге мұқтаж сырқаттарға қайтарылуы тиіс деп есептейді.

Халықтан емге деп жинаған қыруар қаражаттың қайда кеткенін қыздың ата-анасы еріктілерге де ашып айтпаған. Миллиондарды дәрі-дәрмекке жұмсадық деп жылы жауып қоя салыпты. Дегенмен, дәрігерлер бұған да ақша кетіп жатқан жоқ дейді.

"Жанель Жайлауова емді тегін қабылдап жатыр. Дәрі-дәрмегі де тегін. Қазіргі жағдайы қалыпты. Оңалту шарасы жүйелі жүріп жатыр", - дейді дәрігер Зейнеп Жұмағұлова.

Айта кетейік, «Қайырымды жандар» тобының еріктілері түрлі акциялар ұйымдастырып, Жанельге көмектесу үшін жанын салған. Екі бүйрегі де істен шыққан жеткіншекке ақша салмаған жан қалмаған. Сол жанашыр жандардың арқасында қажетті сома лезде жиналған.

"Еріктілер тобының бастамасымен жиналған қаражатқа бүкіл халықтың үлесі бар. Себебі, бұны тек біздің тобымыз ғана жинаған жоқ. Алматы, Ақтау, Шымкент, Жезқазған қалаларындағы еріктілеріміз жинады. Соттың шешімінен кейін Ақмарал Жақсылықованың қайтаратын 10 млн теңгесін біз халықтың алдында барша ауру балаларға бөлетін боламыз", - дейді ерікті Мәулен Алғазы.

Тағы оқыңыздар: Алматы облысында он жасар қыз бала арыққа құлап, көз жұмды

Қайын інісі сотқа берген Ақмарал Жақсылықованың өзі телефонын сөндіріп тастаған. Дегенмен, келіншек қайырымды жандардан ақша жинап алған 12 миллионның 10 миллионнын қорға қайтарып беруі тиіс.

Қазір бұл әйел соттың бұл шешіміне бағынбай, аппеляцияға шағым түсіріпті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1559110-almatyda-qyzynynh-emine-dep-khalyqtan.html