RU

Сұлулығымен тәнті еткен танымал нумеролог өзінің қабылдауына кімдер келетінін айтты

Сұлулығымен әрі сымбатты көркімен талайды тамсандырған Айсұлу Ахимова көптеген салтанатты жиындарда танымал отандық жұлдыздармен бірге көрінгенімен, отбасына қатысты мәселелерді көп жағдайда құпия сақтауды жөн көреді.

Алыс-жақын шетелдерге жиі қатынап тұратын белгілі нумеролог, әсіресе, жұбайы жайлы тіс жармайды. Осыған орай, NUR.KZ  тілшісі танымал психологтан оның отбасы жайлы біршама сұрақтарға жауап іздеп, сұхбаттасып қайтқан еді.

- Айсұлу, сұхбатымызды бастамастан бұрын, алдымен, оқырмандарға отбасыңыз туралы айтып берсеңіз...

- Ата-анам жайлы айтар болсам, анам негізінен Мәскеуде туып өскен, мамандығы – музыкант. Әкем белгілі кино артисі - Димаш Ахимов. Қазіргі таңда, екеуі де Қазақстанда тұрады. Тағдырдың жазуымен әкем Мәскеуде РКИ-да оқып жүрген кезінде анамды кездестірген екен. Өзімнің де тұрмыс құрғаныма біраз уақыт өтті. Екі қызым бар. Үлкені 16-да, кішісі 11-де.

- Сіз, ең алдымен, көпшілікке белгілі нумеролог ретінде танылдыңыз. Осы ретте, сіздің қабылдауыңызға көптеген атақты тұлғалар келген болар... Жалпы, ондай белгілі адамдардан қанша аласыз? Ал, қарапайым ел тұрғындары сіздің қабылдауыңызға жазыла ала ма және оған қанша қаражат керек?

- Жалпы, Қазақстанда клиенттерге консультация беру құны, оның қоғамдағы беделімен анықталмайды және елімізде азаматтарға кеңес беру бағасы шетелдегімен салыстырғанда, әлдеқайда арзан екенін айтқым келеді. Ел тұрғындарының көпшілігі әлеуметтік желілердегі танымал тұлғалармен, яғни, достарыммен жүктеген суреттерімді көріп, бәлкім, солай ойлайтын да шығар. Бірақ, екінші мамандығым психолог болғандықтан, консультацияға қатысты кез келген мәліметті құпия сақтауды жөн деп санаймын. Сол себепті, жұмыс барысындағы кездесулерді көп жағдайда көпшілік назарына ұсына бермеймін.

- Сіз, көпшілікті өзіңіздің түрлі сәнді образдарыңыз, сымбат- сұлулығыңызбен таң қалдырасыз. Халық алдында үнемі сұлу болып жүруіңіздің сыры неде?

- Генетика ғылымы өте терең, таң қалдыратын ілім ғой. Сол себепті мен бойымдағы сұлулықтың барлығы анамның арқасы деп айтатын едім. Десе де, әрине әйел сұлулығын сақтап қалатын бірнеше факторлар бар. Мәселен, мен 8 жылдан астам уақыт бойы тәтті, газдалған сусындарды, ішімдік ішпеймін, темекі шекпеймін. Адам өмірі – тағдырдың берген сыйы болғандықтан, өміріміздің жарқын болуы жанымыздың сұлулығына тікелей байланысты деп ойлаймын. Сондықтан үнемі өзгелермен жақсы қарым- қатынас орнатуға, негативтен ада болуға тырысамын.

- Ал киімдердіңізді қайдан сатып аласыз? Бәлкім, отандық дизайнерлерге тапсырыс беретін боларсыз?

- Киім мәселесіне келер болсам, үстімдегі киімдер үшін көп қаражат жұмсайтын адамдар қатарынан емеспін. Керісінше, ақшаны саяхаттауға немесе бұрын өзім болып көрмеген жерлерді көруге жұмсауды жөн санаймын. Стиль жөнінде айтар болсам, ол ең алдымен, талғамға тікелей байланысты деп ойлаймын және оның қаражатқа қатысы болмауы тиіс деген пікірдемін. Бүгінде Қазақстан нарығы күн санап әлемдік масс-маркеттің көптеген брэндтерімен толығу үстінде. Түрлі люкс-брендтер бар. Сол себепті, шетелде шопинг жасау сияқты мәселелер жыл өткен сайын артта қалуда. Сонымен бірге, елімізде фэшн-индустрия саласы да қарқынды дамып келеді. Сондықтан, кей кездері қазақстандық дизайнерлердің киім үлгілерін сатып алатынымды жасырмаймын.

- Сіз барлық сұхбаттарыңызда барынша ашық болуға, емен-жарқын әңгімелесуге тырысасыз. Болмысыңыздағы ашық мінезіңіз ата- аналарыңыздан дарыған болар?

- Әрине, тәрбие мәселесі ата-анаға артылатыны анық. Ал, адамның мінезіндегі ерекшеліктер оның қоршаған ортасына, социумға тікелей байланысты деген ойдамын. Негізі мінезім тұйық. Бірақ, жолдасым менің бойымдағы осы олқылықтың орнын толтырды деп есептеймін. Себебі ол – өте ашық, ақкөңіл адам.

- Қазір шіліңгір шілде айы... Биылғы жазды қайда демалуды жоспарлап отырсыздар? Жалпы, Қазақстанның қай аймақтарында демалуды жөн көресіз?

- Біздің демалыстарымыз әр жылы әркелкі өтеді. Бұған дейінгі екі жылда достарыммен бірге жазғы демалысымды Түркияда өткіздім. Ал, биыл Еуропаға, Грекияға баруды жоспарлап отырмын. Өйткені, қызым әдебиет, тарих, музыка, ғылым мен саясат саласындағы «Әлемдік Дебат Турнирінің» жартылай финалына шығып отыр. Сондықтан қызыма қолдау көрсету мақсатымен демалысты байқау өтетін елде өткізуді жоспарлап отырмыз.

Ал Қазақстандағы демалыс орындарына келер болсақ, біздің елімізде табиғаты тамаша, көрікті жерлер өте көп. Өкінішке орай, туристік инфрақұрылым мен менеджмент саласы әлі де кенжелеп қалуда. Десе де, Қазақстанның қай қаласына сапар шексем де, өңірдің тарихи-мәдени орындарын аралап қайтуға тырысамын. Шетелдерден қонаққа достарымыз бен серіктестеріміз келген уақытта, әрине, Медеу, Шымбұлақ сынды табиғатынан көз сүріндірер жерлерге апарып, көрсетіп жатамыз.

- Айсұлу, Сіз Қазақстандағы ең танымал нумерологтардың бірісіз... Сонымен бірге, телевидение, радиода жиі сұхбат беріп жатасыз... Яғни, табысты, іскер әйелдердің қатарынансыз... Осындай қарбалас тіршілікке уақытыңызды қалай жеткізесіз?

- «Атақ, даңқ», «атақты болуды» - көп адамдар шын көріп, өкінішке орай, оның алдамшы дүние екеніне көз жеткізе алмай жатады. Сондықтан өзімді «белгілі, танымал» тұлғалар қатарынанмын деп айта алмаймын. Мен психология және әлеуметтену ғылымдарынан хабары бар жай ғана қарапайым психологпын. Мүмкін, көпшілік үшін теле-радио жүргізушісі, нумеролог шығармын, бірақ ешқашан өзімді бизнес-women сапынан көрмеппін. Не дегенмен, бизнес менікі емес деп сенімді түрде айта аламын. Ол салада бизнеске икемі бар жандар жүруі тиіс деп ойлаймын. Ал бәріне бірдей үлгеру мәселесіне келер болсам, өзіме талапшылмын дегім келеді. Үнемі әр нәрсені уақытында, ұйымдастырылған түрде болғанын қалаймын.

- Соңғы дәстүрлі сауалымызға жауабыңызды білгіміз келіп отыр. Сіздің түсінігіңізде «Әйел бақыты» ұғымына не жатады? Жеке пікіріңіз...

- Мен үшін бұл ұғым күні бүгінге дейін, тек бір мағынада астасып келе жатыр. Ол «отбасы мен қызмет арасындағы тепе-теңдік»- дейтін едім. Егер кімде кім менен өзіңді жаңа қырыңнан танығың келіп, басқаша арнаға бұрудың қажеті бар ма деп сұрайтын болса, мен бірден «Әрине, сіз қанша жасқа келсеңіз де, өз кәсібіңізді, қызметіңізді өзгертуге құқылысыз, себебі, бір нәрсені өзгертпей, сіз оның қандай екенін біле алмайсыз» дер едім. Қазіргі таңда мүмкіндіктер мол. Тек ынта-жігеріңізбен еңбектенсеңіз болғаны. Ал әйел адам туралы айтар болсам, оның өмірдегі миссиясы бір – өзінің екінші жартысына тірек бола отырып, өмірдегі өз орнын таба білу. Мен өз қыздарыма да үнемі сыртқы сұлулықтың уақытша екенін, тек ішкі жан дүниенің сұлулығы ғана мәңгі екенін айтып отырамын. Сол себепті, барлық оқырмандарға әр күннен тек жақсылықты көруге шақырамын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1559337-sululyghymen-tanti-etken-tanymal-nume.html