RU

Танымал ақын айтыстағы рушылдық пен жершілдікті жайып салды

Елімізге белгілі айтыскер ақын Айызы республикалық айтыста нашар айтысқан жігітке "жүлде ауылда қалу керек" деген мақсатта жоғары ұпай қойған қазылар алқасының әділетсіздік танытқанын айтты деп хабарлайды NUR.KZ.

Ақын бұл туралы Facebook желісіндегі парақшасында жазған.

"Біраз жыл бұрын Семейде жастардың республикалық айтысы өтті. Біз қазылар алқасындамыз. Оңтүстік өңірден бір жас ақын ерекше көзіме түсті. Финалда сол бала менің семейлік ақын ініммен айтысты. Біздің бала жөнсіз кетті. "Кеше келіпсің, маған неге келіп амандаспадың?" деді, қонақ бала "алыстан алты жасар бала келсе..." деп жауап беріп еді, біздікі "шаңыраққа қара" деді. Қонақ ақын "бақа да батпағында батыр" деді. Солай, солай біздікі соңына дейін қате сөйледі.

Тағы оқыңыздар: ОҚО-да мешіт имамының басын айналдырмақ болған сектанттар ұсталды

Анау оңтүстіктен келген ақынның сөзі тап-тұйнақтай. Көркем, мағыналы. Екі ақынға ұпай беретін сəт те келді. Қазыда отырғандар менен өзге Семейдегі бір университеттің проректоры, Егеменнің меншікті тілшісі, мүйізі қарағайдай филолог ғалым жəне төраға менің Тыныштықбек Әбдікәкімұлы ағам. Алдымен қонақ ақынның ұпайы сұралды. Бəріміз 10 ұпайдан қоямыз ғой деп алаңсызбын. Бір кезде ғалым ағамыз 9, қалғанымыз 10 көтердік. Ендігі гəп "ғалым ағам жерлес ақынымызға не көтерер екен" деп отырмын. Не де болса өзім ұпай беруге асықпайын деп шештім", - дейді айтыскер ақын.

Ұпай санын көтерген кезде көпшілік лайықсыз айтысқан ақынға көтермелеп жоғары ұпай қойған. Мұны көрген Әсем әділетсіздіктің жасалуына өзінің ұпайының жол бермейтінін түсінген.

Жерлес ақынымыздың ұпайы сұралған кезде қарасам, бəрі 10, əлгі ғалым ағамыз да 10 көтеріп жатыр. Қазылардың ойы белгілі, жүлде ауылда қалу керек. Лайықсыз болса да алып қалуымыз керек. Содан "Əп-бəлем, қазір көрсетем" дедім де өз ақынымызға 8 көтере қойдым. Себебі 10 деген ұпайға тартпай тұр, 9 көтерсем екі ақынның ұпайы тең болады да төрағаның бір ұпайымен бəрібір əділетсіздік жасағалы тұр. Оңтүстіктен келген ақынды танымаймын. Бірінші көруім, бірақ қиянатқа қиятын бала емес, мықты, суырып салма ақын", - деп жазады ол.

Өз жерлесіне аз балл қойған Әсемге қазылар алқасы ақылдасуға барғанда "неге аз баға қойдың" деп бас салған.

Тағы оқыңыздар: Айқын Төлепберген мен аяғы ауыр Жұлдыз Өмірғали Түркияда бірге демалып жүр (фото)

"Қазылар алқасы ақылдасуға проректордың кабинетіне жиналдық. Ағаларым "сен неге 8 қоясың" деп маған бас салды. Мен де уəжімді айтып болмаймын, "əділетсіздік жасамаңыздар, бала Абайдың елі қиянатшыл екен деп кетпесін" дедім. Дау қызып жатыр. Егемендегі ағам бір кезде "Төраға Тыныштықбек қой, ол бəрібір өз ұсынысын өткізеді" деді сенікі болмайды бəрібір деген сыңайда. Осы кезде манадан терезенің алдында шылымын шегіп ойланып, ақсақалдар мен ақын қыздың дауын сырттай үнсіз бақылап тұрған Тыныштықбек ағам " Əсем апай дұрыс айтады!" деді. Осымен дау аяқталып Бас бəйгені Сыр елінен келген ақынға байладық", - деген Әсем.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1559704-tanymal-aqyn-aytystaghy-rushyldyq-pen-zh.html