RU

Шымкенттік аттасынан әбден зардап шеккен алматылық жігіт жанайқайын айтты (фото)

Алматылық жігіт өзімен түйедей құрдас әрі аттасының болуынан талай рет аузы күйгенін айтады. Алғашында бұл жағдайды қызық көрген Александр Сергеевич Бондаренко кейін түрлі келеңсіздіктерге тап болған. Бүгінде оның атына өзіне таныс емес айыппұлдар келе бастапты. NUR.KZ редакциясына келген Алматы тұрғыны заңгер көмегін сұрап, жауапты органдардан бұл мәселеге нүкте қоюды сұрайды.

Александр Бондаренконың осы проблемамен арпалысқанына биыл жетінші жыл. Осы уақыт аралығында бұл жағдай 30 жастағы алматылықты әбден титықтатып жіберген. Онымен аттас шымкенттік Александр Сергеевич Бондаренко да 1987 жылы 5 ақпанда дүниеге келіпті.

"Ешқашан менімен аттас, құжатымыз ұқсас адам бар деп ойламаппын. Өз бетімше өмір сүріп жүргенмін. Ол адаммен таныс та емеспін. Біздің алғашқы виртуалды кездесуіміз 2009-2010 жылдары болды.  Банкке келіп, карточка аштырайын десем, ондағы менеджер қыз менің атымда карточка тіркелгенін және онда қарызым бар екенін айтты. Мен таңғалдым. Өйткені сол уақытқа дейін Казкоммерцбанктің қызметіне ешқашан жүгінбеппін. Ол кезде қазақстандықтарға енді ғана жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН/ИИН) беріліп жатты", - дейді ең алғашқы келеңсіздікті баяндаған Алматы тұрғыны.

Түйедей құрдас әрі аттас екі жігіттің жеке куәліктерінің нөмірлері бөлек болғанымен, жеке сәйкестендіру нөмірлері өте ұқсас екен. Бұл жағдайға тереңірек үңілген банк қызметкерлері расында да екі Александрдің мүлде бөлек қала тұрғындары екенін, карточканың Шымкентте жасалғанын анықтаған.

"Сол арада дереу Шымкенттегі банк бөлімшесіне хабарлап, екінші Александр Бондаренконы сол қаладағы бөлімшеге шақыртты. Әрі қарай екеумізді шатастырмау үшін бізден саусақ таңбасы мен көз торымызды сканерден өткізді. Мен шымкенттік құрдасыммен телефон арқылы сөйлесіп тұрдым, біз үшін қызық болды, тіпті екеуміз бір күні кездесеміз деп те ойладық", - дейді Александр Бондаренко.

Тағы оқыңыздар: 35 жыл бойы адамдарды өлімнен құтқарған алматылық дәрігер қаңғыбастар үйінде тұрып жатыр (фото)

Бұл оқиға сонымен ұмытылып қала берер еді. Алайда Александрдің айтуынша, бір жылдан соң шымкенттік аттасы оны қайтадан әлекке салған. Елімізде зейнетақы жинақтаушы қорлары бір орталыққа бірігіп БЖЗҚ құрылды. Сол жылы алматылық Александрдің зейнетақы қорына Шымкенттегі шыны зауытының атынан ай сайын 5 мың теңге түсіп отырыпты. Бастапқыда таңғалған ол бір қателік кеткен болар деп, мәселені шешуді зейнетақы қорының құзырына қалдырған.

"Мен Алматыда жұмыс істеймін. Менің жеке шотыма екі жерде жұмыс істейтіндей екі бөлек ақша түсе бастады. Кейінірек БЗЖҚ-ның Алматыдағы филиалынан телефон шалып, мені шақыртты. Ол жердегі қызметкерлер де біздің аты-жөніміз бен туған күндеріміздің бірдей екендігін көріп, таңдай қақты", - дейді Александр Бондаренко.

Зейнетақы жинақтаушы қоры Александрге шоттарды бөлу туралы өтініш жазғызып алыпты. Алматыда жеке кәсібі бар Александр Бондаренко тіпті осының кесірінен ірі көлемдегі ақшасынан айырылып қала жаздаған. 

"Бірде мен бір фирманың тапсырысын орындадым. Олар маған келісімді ақшамды банк карточкама аударатын болды. Бухгалтер ірі соманы аударғанын айтып, маған құжатын көрсетсе де мен ол ақшаның шотыма түскенін көрмедім. Кейін анықталғандай ірі соманы олар менің шымкенттік аттасыма аударып жіберіпті. Ақшам оның шотында бір күндей жатып қалды. Егер ол карточкасына ақша түскенін біліп қойғанде не болар еді?", - дейді әбден мазасы қашқан алматылық жігіт.

Тағы оқыңыздар: Дауылда қаза тапқан қарияның өліміне ұшып кеткен шатырдың иесін кінәлауда

Александрді мезі қылған тағы бір проблема әуежайда туындайтын көрінеді. Шетел асар кезде компьютерде екі Бондаренконың пайда болуынан ол артық әлекке түсетінін айтады. 

"Әуежайда кеден қызметкерлері, шекарашылар маған артық сұрақтар қойып, тергеу камерасына сүйрейді. Онда мені тергеген адам менің кім екенімді түсінген соң барып, босатады", - дейді ол.

Менің ешқандай заң бұзушылыққа қатысым жоқ деген азамат оны мазалаған соңғы мәселені айтты. Оның атына ОҚО-ның ішкі істер департаментінен екі түрлі заңбұзушылық бойынша (нақтырақ айтқанда жол жүру ережесі) айыппұл келген. Шымкентте болып көрмеген алматылық азамат жалпы сомасы 30 мың теңге айыппұлды төлемейтінін алға тартты.

Ең қызығы, бұл айыппұл қағазында алматылық Александр Бондаренконың жеке сәйкестендіру нөмірі көрсетілген. Оның айтуынша, ол мәселені өз бетімен шешу үшін қаладағы халыққа қызмет көрсету орталығының да, автокөліктерге қызмет көрсету орталығының да табалдырығын тоздырыпты.

Алматыдағы жауапты орган мамандары Александрдің құжатының бәрі орнында екенін ауызша айтып, шығарып салған.

Алайда ол базадағы айыппұлдардың жаңадан сатып алған көлігін өз атына аударуға кедергі келтіргенін айтады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып ол шымкенттік аттасы Александр Бондаренкодан өзі туралы бір хабар беруін сұрайды.

Алматылық Александр Бондаренко ОҚО ішкі істер департаментінен бұл істі назарға алуын өтінеді. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1560044-almatylyq-zhigit-ozimen-attas-ari-tuyd.html