RU

Атышулы ақтөбелік экс-депутат мерзімінен бұрын бостандыққа шықты

Ақтөбелік экс-депутат Мейіржан Өндіргенов абақтыдан мерзімінен бұрын босап шықты. Бұл жөнінде "Керек.info"-ға облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Соттың хабарлауынша, кәсіпкер рақымшылық заңына іліккен. Өтелмеген жазасының төрттен бірі қысқартылып, қалған бөлігі айыппұлмен алмастырылыпты. "Автопарк" ЖШС директоры Ербол Әділов те бостандыққа шыққан.

"Мейіржан Өндіргенов пен Ербол Әділов түрмеде отырған кезде өздерін жақсы жағынан көрсетті. Мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеді. Сондықтан сот жазасын өтеушілерге рақымшылық жасау туралы шешім қабылдады. Прокуратура сот шешімімен келісіп, қаулы заңды күшіне енді", - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Тағы оқыңыздар: Назарбаев Жақсыбековтің өкілеттігін 2022 жылға дейін ұзартты

Бұл мәліметті "Автопарк" ЖШС ресми өкілі Руслан Жылқаманов та растады.

"Мейіржан Өндіргенов бостандыққа шықты. Алайда ол әлі қызметіне ресми кіріскен жоқ. Басқа мәлімет бере алмаймыз", - деді ол.

Естеріңізге сала кетелік, облыс мәслихатының бұрынғы депутаты, "Емшан" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Мейіржан Өндіргенов былтыр алаяқтық жасағаны үшін 4 жылға сотталған. Ол жолаушылар тасымалдау үшін субсидияға бөлінген бюджет қаржысын ұрлады деп айыпталған еді.

Оның әріптесі, "Автопарк" ЖШС директоры Ербол Әділов те 3 жылға сотталды. Ол да Мейіржан Өндіргеновпен сөз байласып, бюджет қаржысын талан-таражға салғаны үшін кінәлі деп танылған. Үкім 2016 жылдың 1 тамызында шықты. Сот кәсіпкерді мемлекетке келтірген 900 млн 542 мың теңге шығынды қайтаруға міндеттеген

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1560290-atyshuly-aqtobelik-eks-deputat-merzim.html