RU

Шырылдап жылаған cәбиін еденге атып ұрған әйел өз әрекетін түсіндірді (фото)

Алматы облысында өз сәбиін аяусыз соққыға жыққан әйелге қатысты іспен полиция айналысып жатыр. Бейнероликтің кейіпкерлерін КТК арнасының тілшілері іздеп тапқан.

Шырылдап қоймаған шақалақты еденге атып ұрған 28 жастағы Марина Тюменцева көңілдесінің үйінде тұрады екен. Камераны көре сала алды артына қарамай қаша жөнелген ол ақыры баласын көрсетуге келісті.

"Балаға түк те болған жоқ. Сап-сау", - дейді ол.

Тағы оқыңыздар: Дауылда қаза тапқан қарияның өліміне ұшып кеткен шатырдың иесін кінәлауда

Әйел бала аман дегенімен, қатты соққы алған сәбидің денесі оңбай көгеріп қалған. Шақалақ қана емес, тағы 5 жасар қызының да қатты шошынғаны көрініп тұр. Таспада келіншек оған қол жұмсамаса да балағаттаған болатын. Өзіне маза бермеген бала-шағасына қатігездік танытқан әйелдің өзі енді жұрттан кешірім сұрап, ботадай боздап отыр.

"Мен қатемді түсіндім. Балаларымнан кешірім сұраймын. Енді қайталанбайды. Мен оларды жақсы көремін", - дейді Марина Тюменцева.

Айтуынша, бірге тұратын жігіті мен оның анасы қосылып қыздары мен өзіне күн бермей жатқан көрінеді. Салдарынан, үйінде күнде төбелес екен. Басқа барар жері, басар тауы жоқ әйел ақыры ұрысқа шыдамай, өшін 7 айлық баладан алған.

"Күнде "кет" деп қуалайды да жатады. Ал менің баратын жерім жоқ. Өзім жетімдер үйінде өстім. Олардың қыспағына қыспағына шыдай алмай, қызымды байқамай ұрып жібердім", - дейді Марина.

7 айлық Ираданың да, 5 жасар Таисияның да киерге киімдері жоқ. Тамағы бірде тоқ, бірде аш екен. Бүлдіршіндердің жақын арада тіпті далада қаңғып қалатын түрі бар. Өйткені бірге тұрып жатқан жігіт әрі жантүршігерлік бейнероликтің авторы көңілдесін кетсін деп отыр.

"Видеоға түсірген себебім, қызды алып кетсін дедім. Білмеймін, кім болса да ана қыздың маған керегі жоқ. Көзін құртсын! Осымен әңгіме бітті!", - дейді Константин Овсянников.

Тағы оқыңыздар: Семейдегі қазақ зиялыларының қабырғадағы суретін бұзақылар бүлдірген

Еске сала кетейік, өз сәбиін аяусыз соққыға жыққан әйелдің видеосы әлеуметтік желі арқылы лезде таралып, жұрттың жағасын ұстатқан. Келіншек жантүршігерлік әркеті үшін кешірім сұрап, бала-шағасын бұдан былай төпелемеуге сөз беріп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1560614-shyryldap-qoymaghan-cabiin-edenge-atyp-u.html