RU

Өзбекстандық полицейлер кінәсын мойындамаған азаматтың "аяғын сындырып тастады" (фото)

Өзбекстанның Жызақ елді мекенінде тұратын Акмал Хасанбоев "милиция қызметкерлері есірткі саудасына қатысты куәлік беріп, мойындатқызу үшін аяғымды сындырды" деп мәлімдеді. Бұл туралы Орталық Азияның жаңалықтар қызметі хабарлайды.

Ер азаматтың айтуынша, резіңке шоқпармен ұрғаннан, аяғының сүйектері сынған. Алайда жергілікті құқық қорғау органдары мұндай оқиға орын алған жоқ дейді.

38 жастағы Акмалдың айтуынша, 27 маусымда оны жергілікті милиция қызметкерлері ұстап, арнайы бөлімшеге алып кеткен.

"Милицияның төрт қызметкері мені шоқпармен ұрды, қинады. Олар мені түрмеге отырғызамыз, өлтіреміз деп қорқытты. Тергеушілер есірткі саудасымен айналыстым деп куәлік беруімді талап етті. Мен шыдай алмай, есімнен танып құлап қалдым", – дейді Акмал Хасанбоев.

Тағы оқыңыздар: Бір-бірімен қырқысып қалған ақтөбелік полицейлер ауыл тұрғындарын шошытты

Акмалдың кіші інісі ағасының танысына суықтан емделу үшін 4-5 дана көкнәр бергенін айтады.

"Ол адамды ұстап алған, ал ол көкнәрді менің ағамнан алғанын айтқан. Ағамды мойындатқызу үшін әбден қинаған. Түнгі сағат 11-ден кейін мен ағамды іздеп милиция бөлімшесіне бардым. Ол жақтан ағамды ауруханаға алып кетті. Ол қатты ақсаңдап қалған", – дейді Бахром Хасанбоев.

Рентген Акмалдың аяқтарының сүйектері сынғанын көрсеткен. Оның аяғына ота жасаған.

Акмал Хасанбоевтың сөздерінше, өзін соққыға жыққан екі адамның бет-әлпетін сақтап қалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1560676-ozbekstanda-policiya-kinasyn-moyynda.html