RU

Бейтаныс жігіт алып қашпақ болған қыз: Айқайлап, жыласам да ешкім көмекке келмеді

Ақтөбеде қалыңдығына ерегіскен жігіттің "жары" бола жаздаған 20 жастағы бойжеткен сұмдықтың жайттың қалай болғанын айтып берді хабарлайды Керек Инфо.

Оқиға 14 маусымда Арай-1 базарының маңында болған. Мемлекеттік айыптаушы А. Сәрсенбаевтың сөзінше, хромтаулық Санат Өмірзақовтың 4 жылдан бері сөйлесіп жүрген қалыңдығы болған. Екеуі сөз де байласқан. Алайда қыздың ата-анасы үйленулеріне қарсы болған. Сондықтан жігіт оны алып қашпақ болады. Тіпті, тойға адам шақырып, дайындалып та қояды. Алайда жеме-жемге келгенде қалыңдығы тұрмысқа шығудан бас тартқан.

Ашуланған жігіт бірінші кездескен қызды алып қашпақ болады. Оның бұл ойын досы да құптай кетеді. Ақыры екеуі алдымен сыра ішіп, кейін базар маңына барады. Сол жерде көңіліне ұнаған бейтаныс қызды көлікке күшпен мінгізіп, алып қашпақ болады.

Тағы оқыңыздар: 35 жыл бойы адамдарды өлімнен құтқарған алматылық дәрігер қаңғыбастар үйінде тұрып жатыр (фото)

"Сол күні бір шаруаларыммен базарға барған едім. Бейтаныс жігіт менен "Гүлімді танисың ба?" деп сұрады. Мен мән бермедім. Ал ол болса, мені белімнен құшақтап, артқа тарта бастады. Мен қарсыластым, айқайлап, жыладым. Тіпті, жерге отырып алмақ болдым. Алғашқыда ойнап жатыр деп ойласа керек, ешкім көмекке келмеді. Ал ол мені көтеріп, автотұраққа апарды. Мені сол жерде тұрған көліктің артқы жағына отырғызбақ болды. Мен жартылай көліктің ішінде отырдым. Бірақ аяқ-қолымды машинаға тіреп, барынша қарсыластым. Адамдарды көмекке шақырдым. Ақыры базар күзетінің бастығы жүгіріп келді. Сол кезде жігіттер мені тастай салып, таксиге отырды. Кетіп қалмақ болды. Бірақ, халық жиналып, оларды да, такси жүргізушісін де ешқайда жібермеді. Полиция шақыртты", - дейді бойжеткен сот отырысы кезінде .

Тергеу органдары 21 жастағы жігіт пен оның досына Қылмыстық кодекстің 125 бабының 2 бөлігі ("Адам ұрлау") бойынша айып тағуда. Бұл бап бойынша, мүлкін тәркілеп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Белгілісі, "күйеу жігіт" "Казхром" ТҰК АҚ электр дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Ал оның досы Құдайберген Жұмажанов отбасылы, бір баласы бар. Екеуі де кінәсін мойындап отыр. Қыздан кешірім де сұрапты. Жәбірленушінің оларға қоятын талабы да жоқ. Сот отырысы кезінде айыптаушылар прокурормен процессуалдық келісім жасауға өтініш берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1560710-beytanys-zhigit-alyp-qashpaq-bolghan-boy.html