RU

Мұсылман дінін қабылдаған алматылық кәріс қызы қазаққа келін болуды армандап жүр

Ұлты кәріс болса да, өзін «нағыз қазақ» санайтын Роксана Цой қазаққа келін болуға ниетті деп хабарлайды NUR.KZ порталы. Бойжеткен бос уақытында қазақтың салт-дәстүрін танып біліп, ұлттық тағамдар жасауды үйренеді екен.

"Менің әкем кәріс болғанымен, мен өзімді қазақ сезінемін. Себебі, Қазақстанда тудым, достарымның дерлік барлығы осы ұлттан. Неге екенін білмеймін кішкене кезімнен қазақ тілінде сөйлегенді ұнататынмын. Қазақ тілінде еркін сөйлеу мен үшін мақтаныш. Жергілікті жұрт кейде мені «қазақ қызы» деп ойлап қалады", – деп күледі Роксана.

Бойжеткен қазақ тілін білгеннің пайдасы көп екенін айтып мақтанып қалды

"Қазақша сөйлегемін үшін талай рет такси жүргізушілері жол ақысын алмады. Халыққа қызмет көрсету орталыған барған сайын кезектен тыс қызмет көрсетеді. Бәрі танып, мені күліп қарсы алады десем болады. Тіпті, кейде "суретке түсейікші" деп те сұрайды. Жалпы қазақ тілін білгеннің пайдасынан басқа зиянын көрмедім. Мен мұны қалыпты жағдай деп қабылдаймын. Басқа азаматтарға айтып жүремін «Қазақстанда туып, осы елде өмір сүріп жатқандықтан, қазақтың салт-дәстүрін сыйлап, қазақша білу керек» деп".

Ата-анам мені мақтан тұтады

"Әкем маған сенің ұлтың кәріс, қазақ емессің деп ешқашан түземеген. Керісінше, жан-дүниемді түсініп, «Менің қазақ қызым» деп еркелетеді. Тіпті, ел-жұртқа мені ата-анам мақтан тұтып "біздің Роксана қазақша керемет сөйлейді" деп айтып жүреді. Ал, әжем мені қазақшалап «Райхан» деп атайды.

"Мүмкін қазаққа келін болармын"

Роксана апта сайын бауырсақ пісіріп, ораза мен құрбан айтқа арнап қазақы дастархан жаюды да жақсы біледі. Мұсылман дінін қабылдаған бойжеткен тақуа болмаса да, діни жоралғыларды жақсы орындаймын дейді.

"Бешбармақты қазақтың келіндерінен кем жасамаймын. Мен пісірген бауырсақтар өте дәмді болады. Барлығын ғаламтордар үйрендім. Жалпы ұлтыңды сүйсең оның артықшылығын көріп, асын дайындау түк қиын емес. Кейде өзімді қазақтың болашақ келіні деп те сезінемін. Шыны керек маған сөз салатын жігіттердің барлығы қазақтар. Соған қарап кейде ойлаймын, қазаққа келін боламын-ау деп"

22 жастағы Роксана Цой қаладағы мектептің бірінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс жасайды. Жеке кәсібі бар бойжеткен ұстаз болудың басты себебін балаларды өте жақсы көретіндігімен түсіндіреді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1561438-almatylyq-karis-qyzy-qazaqsha-soylege.html