RU

Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 50 пайызға өсуі мүмкін

Елімізде мемлекеттік қызметкерлердің төлем жүйесі олардың еңбекақыларын 50 пайызға өсіруі мүмкін. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова айтты деп хабарлайды Baq.kz.

«Бүгінгі таңда екі негізгі бөлімнен тұратын жаңа төлем жүйесі енгізіліп жатыр: дағдылы және ауыспалы. Негізгісі - қызмет бойынша. Яғни қызмет деңгейі стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға қаншалықты үлес қосатындығына байланысты. Егер бұрын еңбек өтілі мен санаты ескерілсе, жаңа жүйе қызметкердің қандай үлес қосып жатқанын және қалай қызмет ететіндігін ескереді», - дейді Шайымова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәжілісінде.

Айгүл Шайымова жаңа жүйенің екінші бөлігіне де тоқталды. Маманның айтуынша, ол қосымша ақы төлеу жүйесін қарастырады. Қосымша ақы төлеу қызметкердің жұмысын тоқсан сайынғы бағалауға байланысты. Оның жылдық еңбегінің нәтижесі осы жүйеге ықпал етеді. Бұл төлемді нәтиже көрсететін үздік қызметкерлер ғана алады.

Тағы оқыңыздар: Ерке Есмахан астаналық жігітке тұрмысқа шығатынын жоққа шығарды

«Бағалау бойынша қызметкерлердің төрт санаты болады. Олар – «үздік», «нәтижелі», «қанағаттанарлық» және «нәтижесіз». Қосымша төлемге тек «үздік» және «нәтижелі» қызметкерлер ие болады. Қазір бұл жүйе талқылану үстінде және оның пробациясы келесі жылы үш органның үлгісінде жүргізілмек. Келесі жылы пилоттық түрде енгіземіз. Барлық кемшілігі мен артықшылығын анықтағаннан кейін ғана бүкіл Қазақстан бойынша енгізбекпіз. Алдын ала есептеу бойынша еңбекақы 50 пайызға өседі. Бұл алдын ала болжам ғана, дәл солай болады деп уәде бере алмаймын», - деп түйіндеді Шайымова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1561450-memlekettik-qyzmetkerlerdinh-zhalaqys.html