RU

Қанын ішіп бітті: Прокуратурада оқ жаудырған азаматқа қатысты тың ақпарат шықты (фото)

Астана іргесіндегі Ақмол ауылында 61 жастағы ер адам полицей мен прокурорға мылтықтан оқ жаудырып, кейін өзі атылып өлді деп хабарлайды КТК арнасы.

Өмірбек Жанбозовтың мұндай оқыс қадамға не үшін барғаны қазір анықталып жатыр. Бірақ туыстарының айтуынша, марқұм тірі кезінде шаруа қожалығын басқарған екен. Бірақ соңғы жылдары жемқорлыққа қатысты дау шығып, оған шыдамаған азамат өзіне қол салған дейді.

Өмірбек Жанбозов алдымен прокуратураға келіп, кіре берісте отырған полицей мен прокурорға қос ауыздан оқ жаудырған.

Тағы оқыңыздар: Жоғалып кеткен 14 жастағы қыз Алматының түнгі клубынан табылды

Кейін бірден сыртқа қашып шығып, қарсы беттегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайға барып, өзін жүрек тұсынан атып жан тапсырған.

Қазір мәйітті криминалистер қарап жатыр. Ал оқиға орны түгел қоршауға алынып полицейлер ешкімді маңайына жолатар емес. Марқұмның жақын туыстары да қазір осында жүр. Айтуларынша, Өмірбек Жанбозов құзырлы орын тарапынан көрген қысымға шыдамай өзіне қол салған.

"Жап-жас прокурор мен финполдар қанын ішіп бітті, байқұстың. Жасы келген адам. Тексере береді, тексере береді. Бұл жазығы жоқ адам, жеп қойған ештеңесі жоқ. Қызмет бабымен тексерген. Үлкен қызмет істеген адам", - дейді туыстары.

Яғни, Өмірбек Жанбозов Ақмола облысындағы ірі су шаруашылығын басқарған екен. Бірақ, екі жыл бұрын директор аяқ асты қылмыстық іс бойынша күдікке іліккен. Яғни, 6 сыбайласымен бірге 600 миллионнан астам қыруар қаржыны қолды қылды деп айыпталған.

Тіпті, сот отырысы болып, мемлекеттік айыптаушы марқұм Жанбозовқа 10 жыл жаза кесуді сұраған. Ал судья үкімді бүгін шығаруы керек болған. Бірақ шаруа қожалығының басшысы өз-өзіне қол салып отыр. Ал, марқұмның адвокаты істің дұрыс қаралмағанын айтуда.

"Шаруа қожалығына жүргізілген тексеру тек бір жақты ғана болды. Өмірбек Жанбозовтың кінәсін дәлелдейтін айғақтар мүлдем жоқ. Тіпті, сараптаманың өзі 600 миллионның ұрлануы мүмкін емес екенін растады. Марқұм сот әділ болады деп айтып еді. Жеңіп шығатынына сенген", - дейді  адвокат Бақыт Қайыржанова.

Ал, қызмет орнында қанға боялған прокурор мен полицей шұғыл түрде Астанаға жеткізіліп, қазір ем алып жатыр. Жағдайлары ауыр, әзірге бірнәрсе айтуға ерте деп отыр дәрігерлер.

Жантүршігерлік істі Ақмола облысының прокуратурасы қатаң бақылауға алды. Қазір марқұмның мылтығы сараптамаға жіберіліп, іс бойынша жан-жақты тексеру басталып кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1561929-aqmola-oblysynda-iri-su-sharuashylyghyn.html