RU

Жеті айлық сәбиін жерге атып ұрған келіншек ана құқығынан айырылуы мүмкін

Алматы облысында жеті айлық нәрестесін жерге алып ұрған келіншек аналық құқығынан айырылуы мүмкін. Полиция 28 жастағы Марина Тюменцоваға қатысты қылмыс іс қозғады деп хабарлайды КТК арнасы.

Қатыгез ананың ғаламторды шулатқан әрекеті заңға қайшы деп танылса, оның үш бірдей баласы жетімдер үйіне жіберілмек.

Анасынан оңбай таяқ жеген жеті айлық Ирада Тюменцова Талғар аудандық ауруханасында жатыр. Кеше кешкісін ювеналдық полиция қызметкерлері мен аудандық білім бөлімінің мамандары оны анасынан ажыратып алып кеткен. Қазір дәрігерлер сәбидің қаншалықты зардап шеккенін анықтап жатыр.

"Ираданың тәбеті жақсы. Ойнайды, күледі. Ешкімді жатырқамайды. Бүгін таңертең баладан қанын алдық, зәрін алдық. Былай ешқандай шағым жоқ", - дейді Талғар аудандық ауруханасы балалар бөлімінің меңгерушісі Ләззат Әкімханова.

Тағы оқыңыздарАқмола облысында ірі су шаруашылығының басшысы полицей мен прокурорға оқ жаудырды

"Қызым кеше менің қасыма қонған жоқ. Мен оны қатты сағындым. Сусынын, йогуртын алып қойдым. Қазір киімдеріне бара жатырмын. Өз ісіме қатты өкінем. Кешіріңіздерші мені. Мен екінші рет бұлай жасамаймын", - дейді Марина Тюменцева.

Етегі жасқа толған ана өзінің қатыгез әрекетін видеоға түсіріп бүкіл елге масқара еткен жігітінен кетіп қалғанын айтады. Құрбысының үйіне орналасып алған соң қызымды іздеймін деп отыр.

Марина ғаламторда шу тудырған әрекетке баруына енесі мен бірге тұрған азаматты кінәлауда. Соларға ашуланып төсекте жатқан баланы лақтырып жібердім дейді. Және сол кезде ішімдік ішіп алғанын да мойындап отыр. Енді оның жағдайы мүшкіл.

"Кәмелетке толмаған балаға күш қолданғаны үшін Марина Тюменцеваны аналық құқығынан айыруы мүмкін. Оның тұрақты жұмысы да жоқ. Жиі ішімдік ішетіні де анықталды", - дейді Талғар аудандық ІІБ инспекторы Ханума Тасыбаева.

Марина Тюменцеваның қылмысы дәлелденіп, аналық құқығынан айырса оның үш бірдей баласы жетімдер үйіне жіберілуі мүмкін. Тиісті орындар жеті айлық Ирада және бес жасар Таисамен қоса қазір әпкесінің қолында тұратын 12 жастағы ұлын да алып қояды.

Ал анасынан оңбай таяқ жеген бейкүнә сәби тергеу аяқталғанша дәрігерлердің бақылауында болмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1561936-zheti-aylyq-sabiin-zherge-atyp-urghan-kel.html