RU

Өзбекстан президенті Мирзиеев Кәрімов құрған жүйеден біржолата құтылғысы келеді

Қазіргі таңда Өзбекстан билігі өзінің жаңа қадамдарымен әлем жұртшылығын таң қалдырып келеді. Жақында Шавкат Мирзиеев өзбек журналистерін билікті сынауға, қоғамда болып жатқан өткір мәселелерді айтуға шақырды. Мемлекеттік телеарналардан адам құқығы, сөз бостандығы жайында әңгімелер айтыла бастады.

Ал бұдан бір апта бұрын Шавкат Мирзиеев Өзбекстан журналистеріне бюрократия, жемқорлық сынды қоғамдағы өзекті мәселелерді көпшілікке ұсынулары керек екенін айтты. Көпшілік бұл өзгерістерді президенттің демокартияға бет бұрысы деп айтып жүр. Бірақ бұл Ислам Кәрімов құрып кеткен ел басқару жүйесінің тығырыққа тірелуі болуы мүмкін.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Мирзиеев қазіргі уақытта журналистердің, азаматтық белсенділердің тынысын кеңейтіп қана қоймай, билік жүйесіне жаңа жас кадрларды тарту үстінде. Оған дәлел - шілде айының басында Өзбекстан білім министрінің орынбасары болып 22 жастағы Алишер Садуллаевтің тағайындалуы мен маусым айында Шавкат Мирзиеевтің қазір билікте жүрген азаматтарға қарата «енді бір, екі жыл шыдасаңыздар, ар жағында жас буын да билік басына келеді» деп айтқан сөзі.

Тағы оқыңыздар: Димаш Құдайберген әйгілі MTV Music Awards марапатын иеленді (видео)

Кәрімов көз жұмғаннан кейін оның отбасы, яғни Гулнара Кәрімованың тағдыры мен биліктегі ауыс-түйістер өзбек жұртшылығын қатты алаңдатып отыр.  Сол үшін билік маңында болып жатқан дүниелерден Өзбекстан қоғамының назарын өзге дүниелерге аудару мақсатында Мирзиеев түрлі қадамдарға баруда.

Ол соңғы уақытта ескіліктің дәуірі өткенін айтып, жаңа уақыттың, жаңа қадамдардың жасалатын кезі келгенін халық санасына сіңіруде. Бұл - Мирзиеевтің Ислам Кәрімов құрып кеткен жүйеден бір жолата құтылғысы келетіндігінің белгісі.

Дереккөз: Qazaqtimes.kz

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1562440-ozbekstan-prezidenti-mirzieev-karim.html