RU

Отандық шенеунік Қазақстанға қытайлық туристерді көптеп әкелуді ұсынды

Мәдениет және спорт вице-министрі Асқар Баталов елімізге қытайлық туристерді көптеп тарту қажет деп есептейді. Себебі әлемде ең көп саяхаттайтың ұлттардың көшін Қытай бастап тұр екен xабарлайды ҚазАқпарат.

Аспанасты елінің 150 млн-ға жуық азаматы әлемді аралағанда шамамен 280 млрд доллар жұмсайды.

«Сол себепті бізге қытайлық туристерді көптеп тарту қажет. Олар үшін арнайы туристік бағыттарды әзірлеген дұрыс деп ойлаймын» , - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Асқар Баталов туристік саланы дамытуға арналған жиында.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбеде танымайтын қызды алып қашқан жігіттің ғашығы жылап қалды (фото)

Оның айтуынша, өткен жылы Қазақстанға 117 мың қытайлық турист келіп кеткен. Бұл елімізге келген туристердің 10 пайызы. Қалған 90 пайызы - Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты жақын көршілер.

«Біздің негізгі мақсатымыз - 2025 жылға дейін Қазақстанға келетін туристердің жалпы санын 7 млн-ға жеткізу. Осы орайда туристер үшін визаға құжат тапсырудың электронды жүйесін даярлау жұмысы басталды. Бұдан бөлек, біз Қазақстан арқылы транзитпен өтетін Иран мен Үндістан азаматтары үшін 72 сағатқа дейінгі визасыз режимді енгізу жобасын дайындап қойдық», - деп атап көрсетті Баталов.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қытай азаматтары үшін 72 сағатқа дейінгі визасыз режим енгізілген. Аталған бастама ЭКСПО көрмесі аясында пилоттық жоба ретінде қолға алынып отыр. Оған сәйкес, Астана мен Алматы әуежайлары арқылы басқа елдерге ұшып бара жатқан қытайлық туристер Қазақстанда үш күн бойы визасыз жүре алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1562808-otandyq-sheneunik-qazaqstangha-qytayl.html