RU

Алматылық сәлаф ақшадан қысылған әйелін баласын сатуға үгіттеген (фото)

Алматыда жат ағымның жетегінде кеткендерге жөн сілтеп, тура жолға салатын ұйымның жұмысына күзде бір жыл толады деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. «Шаңырақ» діни кеңес беру, алдын алу және орталығы деп аталатын мекеме өткен жылы ислам дініндегі сәлафтік ағымды ұстанған көптеген азаматтың тура жолға түсуіне түрткі болған.

«Орталықта сауатты теолог-мамандар, психологтар мен заңгерлер жұмыс жасайды. Біз алдымен әсіре діншілдер арасында сауалнама жүргізе отырып, оның ислам дінінің қай ағымын ұстанғанын және жағдайы қандай сатыда екенін анықтаймыз. Содан кейін оларды бөлімшемізге шақырып, арнайы мамандардың дәрісін тыңдатамыз. Жүз пайыз барлығы түзу жолға түсіп кетті деп айта алмаймын. Екі ары кетсе үш сабақтан соң жат ағымның жетегіндегілердің көпшілігі өз райынан қайтады»,- деді Мирхат Мадияров «Шаңырақ» дін сұрақтары бойынша кеңес беру орталығының директоры.

Қаба сақал мен қара жамылғанның барлығы сәлафтар емес.

Маманның сөзінше сәлафи ағымындағылардың ең басты ерекшелігі олар: «Алла аспанда, Аршта отырады» деп сұқ саусағымен көкті көрсетеді екен. Одан қала берді, дәрет алу кезінде аяғындағы шұлығын шешпестен масих (киімнің сыртынан жуыну) тартады. Сондай-ақ, олар тиым салынған дінді насихаттайтын ұстаздарының кітабын оқиды. Сәләфи ұйымының бір бөлігі болып табылатын «тәкбіршілер» үшін намаз  оқымағанның барлығы «құдайдың жауы» болып саналады.

Теологтар сәлаф ағымы мен уахабшыларды жұма намазы кезінде бірден танитындарын алға тартты. Себебі, жат ағымның жетегіндегілер жамағатпен бірге тұрып тек «парыз намазын» оқып, «сүннет намазы» кезінде жанындағы адамдарды аттап кетіп қалады екен. Халықпен бірге тұрып дұға жасауды «күпіршілік» деп санаса, ұлттық салт-дәстүрді тіптен мойындамайды. Яғни, келіннің бетін ашу, сәлем салу, әруақтарға арнап құран бағыштауды олар «Аллаға серік қосу, ширк» деп қарсы шығады екен.

Алматыдағы ең көп сәлаф ағымындағылар шоғырланған аудан

- Алматыда тиым салынған діни ағымның жетегіндегілер ең көп жерлер- «Горный Гигант» мешіті, «Орбита» мешіті, «Төле би» мешіті, «Нұр» мешіті. «Карсити» автокөлік құралдарын сату орталығы, Аэровокзалда телефон жөндеушілер, «Барахолка» базарлары. Адасушылық жолындағылардың басым көпшілігі 20 мен 35  жас аралығындағы саудагерлер. Сауалнама барысында байқағанымыз дінге бет бұрғандардың басты себептері кедейшілік қала берді діни сауаттың жоқтығы ,- деді Мирхат Мадияров.

Сәлаф ағымындағылар туған баласын да аямайды

Шаңырақ орталығында сәлафит болып кеткен отыз шақты әйелге сауаттылық сабағы жүргізілген. Салдарынан оншақты қара жабылған қыз-келіншек қателіктерін мойындап, нихабтарын шешіпті.

«Бізге көмек сұрап жасы жиырмадан асқан аяғы ауыр келіншек келді. Діншіл күйеуі әр нәрсені сылтау етіп, жүкті әйелін тастап, жас қызға үйленіп алған. Ақшадан тарыққан бірінші жарына айтыпты «ішіңдегі баланы сатып соған жаныңды бақ» деп. Ол келіншек қазір бейімдеу орталығында. Теологтардың сабағын тыңдаған соң өзінің де жұбайының да сәлафи ағымын ұстау жолда адасқанын түсінді. Осы секілді жағдайлар өте көп. Намаз оқымағаны үшін бауыр-туған, әке-шешсінен безінгендер жетерлік» ,- деді мекеме қызметкерлері.

Тыйым салыған Сәлафи ағымында екенін біле тұра тұра жолға түскісі келмейтіндер де бар деді «Шаңырақ» орталығының маманы. Олар қауіпті ағымда 8-10 жылдап жүргендіктен, дінге беріліп кеткен.

Әсіре діншілдермен сабақ жүргізу, әңгімелесу райынан қайтару мүмкін емес екен. Олар мешітке барып имамдарды жамандап, айтылған уағыздарға қарсы шығып жиі тәртіп бұзады. Мұндай тақуаларға заң аясында түсіндіру жұмысы жүргізіліп, үш рет ескерту жасалады. Ескертуді елемесе мәселесін май шаммен құзырлы огран яғни, жергілікті полиция қарап, ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысатын болады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше 2016 жылы елімізге 614 миссионер келген. Елдегі тыныштықты бұзып, діни сауаты жоқ халықтың миын улауға осындай қауіпті ағымның шетелдегі мүшелерінің келуі де себеп болып отыр.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1565082-tanymal-maman-salaftardynh-almatynynh.html