RU

Ұлттық құраманың бас бапкері Данияр Елеусіновтің қайда жүргенін білмейтінін айтты

Демалыс күндері еліміздегі барша ақпарат құралдары Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің ұлттық құрамаға қайта оралғанын хабарлаған болатын. Алайда, ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Даниярдың қайда екенін білмейтін болып шықты.

Бұл туралы ол prosportkz.kz сайтына берген сұхбатында айтты.

"Данияр ұлттық құрамаға оралғысы келетінін айтты. Біз келісім бердік. Бірақ ол қазіргі оқу-жаттығу жиынында жоқ. Оның қайда жүргенін білмейміз", - дейді бас бапкер Мырзағали Айтжанов.

Бұл күндері бокстан Қазақстан құрамасы Гамбургте өтетін әлем чемпионатына дайындалу үстінде. Осы орайда, Айтжанов ұлттық құрамаға оралған Даниярға жастармен тайталасу оңай болмайтынын да жеткізді.

Тағы оқыңыздар: Месси Неймармен түскен барлық суретін желіден өшіріп тастады

"Иә, бәсекелестік өте жоғары. Бұл салмақта Жүсіпов пен Ахмедов сынды мықты боксшыларымыз бар. Енді бірінші нөмірлі боксшының кім болатынын Қазақстан чемпионаты көрсетеді. Барлық боксшыларымыз өз мықтылықтарын сонда дәлелдеуі қажет", - дейді бас бапкер.

Еске сала кетейік, Данияр Елеусінов 69 келі салмақ дәрежесінде әлем және Олимпиада чемпионы атанды. Рио додасынан соң боксшы өзінің кәсіби боксқа ауысатынын айтқан. Дегенмен, кәсіпқой бокста бірде бір кездесу өткізбеген Елеусінов ұлттық құрамаға оралатынын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1565158-ulttyq-quramanynh-bas-bapkeri-daniyar-e.html