RU

Нұртас Адамбайдың фильмін ұрлап көрсеткен кәсіпкердің басы бәлеге қалды

Көкшетауда көрерменге отандық комедияны ұсынған кәсіпкердің басы бәлеге қалды. Жекеменшік кинозалында Нұртас Адамбайдың «Побег из аула-операция махаббат» фильмі прокатқа шыққанннан бері рұқсатсыз көрсетіліп келген. Енді авторлық құқықты сақтамаған кәсіпкер 11 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін деп хабарлайды КТК арнасы.

Тағы оқыңыздар: Прокуратурада оқ жаудырып, кейін өзін атқан Жампозовтың ісі қайта қаралатын болды

2015-ші жылы прокатқа шыққан отандық кинокомедияны көруге ынтық көрермен көп болған сыңайлы. Кинозал иесі ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ, ғаламтордан көшірмесін алып, көрерменге ұсынған. Билет құны мың жарым теңге.

Мұнда келгендер фильмді проектормен флешкадағы көшірмесі арқылы көріп отырғанын сезбеген де сияқты. Бірақ кезекті көрсетілім кезінде олардың ұрлығы ашылып қалды.

Енді авторлық құқықты сақтамаған 35 жастағы кәсіпкер әйел 11 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Сондай-ақ, фильмді жасаған компанияға 2 миллион теңге қарыз болып қалды.

"Бұл фильмді көрерменге ұсынуға олардың құқықтары болмаған. Қазір кинопроектор, экран, тағы басқа да құрылғылар түгел тәркіленді. Автордың құқығын аяққа таптаған кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды", - дейді Ақмола облыстық ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы Амангелді Нұржанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1565464-nurtas-adambaydynh-filmin-urlap-kors.html