RU

Алдағы 10 жылда Қазақстан халқы 20 миллионға жетпек

Танымал нумеролог Айсұлу Ахимованың есептеулері бойынша Қазақстан халқы алдағы он жылдықта жиырма миллионға жетпек. Бұл туралы өңірдегі NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Белгілі нумерологтың айтуынша, халық санының өсуіне елдегі демографиялық жағдаймен бірге көші-қон саясаты сияқты түрлі факторлар әсер етпек.

«Менің есептеулерім бойынша Қазақстан халқы 20 миллионға алдағы 8-9 жылда жетпек. Бірақ бұл нақты жауап емес, тек болжам ғана екенін ескерткім келіп отыр. Негізі, бірінші мамандығым математик болғандықтан, өзімді мұндай нақты емес жауаптардан алшақ ұстауға тырысамын. Ал, жалпы, халық санының өсуіне бірнеше факторлар әсер етеді. Оның ішінде, демографиялық жағдай, көші-қон мәселесі сияқты жағдайлар да бар. Сол себепті, халық санының өсуі мәселесі нумерологияға қарағанда, статистика іліміне жақын деп айтар едім», - деді Айсұлу Ахимова.

Тағы оқыңыздар: Белгілі экономист ай сайын 1,7 млн теңге жалақы алатын басшыны сынап тастады

Сонымен бірге, елімізге танымал нумерологтан түрлі сандардың құпиясын ашуды жөн санап, «сиқырлы сандарға» қатысты сауалдар қойған едік. Мәселен, бүгінде көптеген жас жұбайлар некелерін «07.07.2017» сынды ерекше күндері қиюға жақын тұрады. Мұндай атаулы күн жас отбасының берік жанұя болуына қалай әсер етпек деген сұрағымызға, Айсұлу Ахимова келесідегідей жауап берді.

«Мұндай ерекше күндері, әсіресе, «7-сі» күні отбасын құруға ниет білдіріп жүрген жастар саны жыл санап артып келеді. Әсіресе, мұндай тенденция Шығыс елдерінде көп кездеседі. Алайда, нумерология ілімі жеке индивидтерге қатысты болғандықтан, «7/07/2017» сынды мерзім бәріне бірдей сәтті күн бола бермейтінін айта кету керек. Егер дәл осы жылдағы осы күнді алар болсақ, бұл күн қаржылық тұрғыда қолайсыз деп айтар едім. Сондықтан, 7/7/2017 күндері несие, қарыз алып той жасауға кеңес бермес едім», дейді Айсұлу ханым.

Айсұлу Ахимова, сондай-ақ, осындай ерекше күндері дүниеге келген жандардың мінезіндегі ерекшеліктерді де атап өтті.

«7 шілдеде дүниеге келген жандардың мінезі тұрақты болып келеді. Шетел тілдерін меңгеруге, ораторлық қасиеттерге ие болады. Сондай-ақ, мұндай жандарда бизнес-энергетика басым болады. Бұл күні дүниеге келген адамдар, қырсықтығымен, тік мінезі, тосыннан шешім қабылдауымен ерекшеленіп тұрады. 7-сі күні өмірге келген бүлдіршіндерге шахмат арқылы логика жүйесін дамытуға болады»,-деді белгілі нумеролог.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1566201-aldaghy-10-zhylda-qazaqstan-khalqy-20-millio.html