RU

Төтенше жағдай: Қызылордада үш жұмысшы улы газдан қаза болды

Қызылордада қалалық кәріз сорғысы станциясында апат болып, соның салдарынан үш адам қаза тапты. Дәрігерлер тағы екі жұмысшыны аман алып қалу үшін арпалысуда деп хабарлайды КТК арнасы.

Қайғылы оқиға бүгін түсте кәріз сорғысы станциясында болған. Ал оған улы газдың мезгілсіз жіберілуі себеп болған көрінеді. Өйткені, сол сәтте мұнда жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Сәйкесінше, адам да көп болыпты. Сол газдың иісіне уланған жұмысшылардың бірі кәріз құбырына құлап кетеді. Ал қалған 11 адам соны құтқармақ болыпты.

Сөйтіп, жұмысшылар құбырға бірінің артынан бірі құлаған. Салдарынан, екі жұмысшы оқиға орнында тіл тартпай кетті. Ал біреуі ауруханаға жеткенде көз жұмған. Қазір дәрігерлер тағы екі адамды аман алып қалу үшін күресуде. Олар жансақтау бөлімінде өте ауыр хәлде жатыр.

Тағы оқыңыздар: Солтүстік Қазақстанда 16 жастағы студент досын құтқарамын деп өзі суға кеткен

"КНС-те жұмыс істеу барысында газден уланып, суға құлаған. Сумен тұншығып, сонда жатып қалған. Жедел түрде реанимацияға көтеріліп, қазір іс-шаралар жасалуда. Жағдайы өте ауыр күйде қалуда", - дейді токсиколог-дәрігер Ерболат Мәлік.

Ал қалған зардап шегушілерге алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Денсаулықтары жақсы болса да, олар қайғылы жағдайдан әбден есеңгіреп қалыпты. Солардың бірі – Шарапат Берухан.

"Көмекке деп шақырды. Мен бардым. Есімнен танып қалдым", - дейді зардап шегуші Шарапат Берухан.

Бұлардың бәрін құбырдан құтқарушылар алып шыққан. Ол үшін төтеншеліктердің арнайы киім мен тыныс алу аппаратын тағуларына тура келіпті. Қазір үш адамның өмірін жалмаған оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Мамандар апаттың нақты себебін анықтап жатыр. Ал жергілікті билік қаза тапқандардың жақындары көмексіз қалмайды деп сендірді. Яғни, әрқайсының отбасына бір миллион теңге көлемінде өтемақы төленбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1568302-totenshe-zhaghday-qyzylordada-kariz-qub.html